Бас жүлде – «Сазген сазында»

14 қараша 2011

Қазақ топырағында тұңғыш рет фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің «Ғасырлар сазы» фестиваль-байқауы өтті.

Қазақтың көне аспаптарының қоңыр үні мен күңіренген, сыңғырлаған, дабыл қаққан саздары тоғыса келе, қазақы қанымызды буырқантып, халыққа ерекше рух бергені рас. Батыстың симфониялық оркестріне ұйып, төл фольклорлық-этнографиялық ансамбль дыбысына «ескінің сарқыншағы» деп мұрнын шүйіре қарайтындардың бірсыпырасы ұлттық музыканың қауқарын енді сезінген сынды.

Алматы қаласы әкімдігі мәдениет басқармасы мен «Алматы әуендері» кон­церт­тік бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен сайыс үш күнге созылды. Екі кезеңнен тұр­ған байқауда әр ансамбль 20 минутта әртүрлі жанр бойынша бар өнерін паш етуі тиіс.

Фестивальда Батыс Қазақстан өңірінен – 4, Қызылордадан – 2, Астанадан – 3, Ал­маты облысынан – 4, Алматыдан – 10, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар, Та­раз, Шымкент қалаларынан бір-бірден, барлығы 30 ансамбль бақ сынасты.

Бағдат ТІЛЕГЕНОВ, «Алматы әуендері» концерттік ұжымының директоры:

– 80-90-жылдарға қарағанда ан­сам­бльдердің кәсіби деңгейі өскен. 30 ансамбль бір-бірімен пікірталасып, тәжірибе алмасып, айтулы шара үлкен мерекеге ұлас­ты. Ұлттық музыкадағы жаңалықтың жалғасын табуын барлығы қалайды. Келешекте жалғасатынына біздің де сеніміміз мол. Тіпті бұл фестиваль халықаралық деңгейге көтерілетін шығар.

Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерва­тория­сының профессоры, қобызшы Базархан Қосбасаров бастаған қазылар алқасының құрамында Жамағат Темірғалиев, Маң­ғыстау облыстық филармониясының бас дирижері Рахат Мәдриев, Астана қала­сын­дағы «Сарыарқа» ансамблінің жетекшісі Ерлан Хамзин, Талдықорғандағы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның бас дирижері Әли Алпысбаевтар болды. Қазыларға бірінен-бірі озатын ансамбль­дерді бағалау қиынға соққаны аян. Себебі олардың дайындықтары да талапқа сай болды.

Базархан ҚОСБАСАРОВ, ҚР мәдениет қайраткері, қобызшы:

– Бұл – толғағы піскен, уақтылы басталған жоба. Арыстарымыз Ахмет Жұбанов, Болат Сарыбаев, Өзбекәлі Жәнібековтер талай қазақтың ұлттық аспаптарын тауып, жаутаңдатпай, келер ұрпаққа ансамбль құруын тапсырып кеткен сынды. Музыканттар арасында «жаман аспап жоқ, оны орындай ал­май­тын адам болуы мүмкін» деген сөз бар. Сондықтан қазақтың ұлттық аспап­тарының тек өзіміздің музыкамызды ғана емес, өзге де халықтардың музы­касын орындай алатындай мүмкіндігі бар екенін өздеріңіз көріп тамашала­ды­ңыздар.

Ұлт музыкасына ұйыған халық санында шек жоқ. Ғасырлар бойы саф қалпын бұзбай жеткен ескі аспаптар кешегі мен бүгінгі заман әуенін өз бояуында беретіндей күшті екенін білдік. Сырлы сазға еліген тыңдаушы ұлттық нақыштағы осы сынды кештерге, шындығында, сусап жүр екен. Байқаудың өту барысы мен әр ансамбльдің күш-қарымын көрермен қауым «Қазақ­стан» ұлттық арнасы арқылы алдағы уақыт­та толық таныса алады. Сонымен, жүлделер реті мынадай болды:

Алматы қаласы әкімінің сыйлығы – «Қазақкон­церт» концертік бірлестігінің «Әл­қисса» ұлттық аспаптар ансамбліне, өнер­танушы Болат Сарыбаев атындағы жүлде – БҚО «Орал сазы» ансамбліне, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы жүлде – ҚР Мәдениет министрлігінің «Ақ жауын» ан­сам­бліне, Ахмет Жұбанов атындағы сый­лық СҚО «Әлқисса» ансамбліне берілді.

3-орын үшеу: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Баба­лар сазы» ансамблі, «Алатау әуендері» концерттік ұжымынан «Құлансаз» ан­сам­блі, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының «Сазген» ансамблі;

2-орын екеу: Астана қаласы Президент­тің мәдениет орталығы Ұлттық дәстүрлер театрының фольклорлық ансамблі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кеттік университетінің «Дидар» ансамблі;

1-орын – Астана қаласы мемлекеттік филармониясының «Сарыарқа» ансам­блі:

Бас жүлде – Алматы қаласы әкімдігінің «Сазген сазы» ансамблі.

Қазақтың ғасырлардан тозбай жеткен 15 аспабының үнін «Аспаптар шеруі» атты 10,5 минутқа созылған туынды арқылы естірткен «Сазген сазы» ансамблі­нің биік үдеден шығуы орынды да.

Марат ЖАЛБЫРОВ, «Сазген сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Фестивальдың өтетіндігінен ерте­рек хабардар болғанда, дайын­дығы­мыз бұдан да жақсы болар еді. Біраз ансамбль келе алмай қалды. Алматы мен Астана қалаларын айтпағанда, алыс шалғайдан келген ұжымдардың да кәсіби деңгейі жоғары екенін бай­қадық. Негізгі мақсатымыз – ұмытылып бара жатқан көне аспаптардың мәрте­бесін көтеру, халыққа таныту. Қазақтың барлық көне аспабының үнін беруге тырыстық.


Түйін

«Ғасырлар сазы», шындығын­да, ұлт музыкасын ұлықтаған айтулы мереке болды. Қаймана қазақтың қадым заманнан жеткен қоңыр үнді халықтық музыкасы уақыт өтіп, күндер сырғып жасай берсін десек, мұндай байқау, фестиваль, концерттердің жиі өтіп, өнерпаз мәртебесінің биіктеуіне мемлекеттік деңгейдегі қолдау керегі айқын.

http://ipad.baq.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа