Бағдарламалардың шығaрылымы.

27 ақпан 2012

Сазген Сазы ансамблі

Қазақстанда ұлттық өнерімізді дәріптеген алғашқы этнографиялық ансамблдер 80-ші жылдардан бастап құрылған еді. Оның алғашқысы Торғай қаласындағы «Шертер» ансамблі болатын. Кейін осындай өнер ұжымдарының қатарына Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы жанынан «Мұргер» ансамблі қосылды. Ал 1981 жылы Ықылас атындағы республикалық халық аспаптар мұражайы қызметкерлерінің атсалысуымен «Сазген» ұлттық - этнографиялық ансамблі өмірге келген еді. «Сазген» деген қазақтың көне аспабының атын білдіреді.

Қазір республика бойынша ұлттық-этнографиялық ансамблдердің саны 40-тың үстінде. Қазақстанның әр облыс, аудан орталықтарында ұлттық музыкамызды насихаттау үшін өмірге келген өнер ұжымдары тәуелсіздік алған жылдардан соң қанатын кең жая бастады. Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Дина сияқты композиторлардың туындыларын, шетелдің классикалық шығармаларын қазақтың көне аспаптарымен орындаған ұлттық ансамблдер бүгінде көпшіліктің көзайымына айналды. Солардың қатарында «Сазген сазы» деген жаңа атауға ие болған өнер ұжымының орны бөлек. Әлемнің 25 мемлекетінде қазақтың әнін шырқатып, күйін күмбірлеткен өнерпаздар еуропа жұртшылығын қазақтың өнерімен тәнті еткен болатын. «Сазген сазы» ансамблінде 20 шақты музыкант қызмет етеді. Барлығы да жоғары кәсіби білім алған мамандардың әрқайсысы бірнеше аспапта еркін ойнайды. Солардың бірі - прима қобызда орындайтын – Салтанат Калыкова. Ұжымдағы ең жас кадрлар қатарында жүрген ол өзінің өнердегі жетістігін патриоттық сезіммен әңгімелеп берді. Репертуарында 500-ден астам халықтың ән-күйлері, шетел әуендері бар ансамблде: Жеңіс Ержанов, Гүлнұр Өмірбаева сияқты күміс көмей әншілер еңбек етеді. Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, гостролдік сапалар ұйымдастырып отыратын өнер ұжымы облыс орталықтары мен шалғай ауылдардан бұрын соңды ешкім естімеген жаңа шығармалармен қоржындарын толтырып келеді.

Дүниежүзіне халқымыздың баға жетпес байлығы - ұлттық музыкасын паш етіп жүрген «Сазген сазы» ансамблі бірнеше рет республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда жеңіс тұғырына көтеріліп, кәсіби шеберлігін мойындатып келе жатқан танымал өнер отауы. «Әсем ән мен тәтті күй, Жүректен кіріп бойды алар» - деп Абай айтқандай, өнерпаздарымыз өз тыңдармандарына жүрек тебірентер шығармаларды жаңа заманға сай ырғақта орындау үшін қажымай – талмай еңбек етіп келеді. Өйткені, бабалардан қалған ұлттық мұраны көздің қарашығындай сақтап, құрметтеу кейінгі ұрпақтың еншісінде екендігін ұжым басшылығы жақсы түсінеді.


 

 

caspionet.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа