«Сазген сазы» жүректі сыздатты

12 сәуір 2012

Ықылас атындағы халық музыка аспаптары мұражайында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі концерт берді. Бұл салтанатты кеш 1981 жылы аталмыш мемлекеттік мекеме жанынан құрылған «Сазген» ансамблінің ардагерлеріне арналды.

Концертке Қазақстан Республи­касының Еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім бастаған өнерлі ұжымның алғашқы мү­шелері қатысты. «Сазгенге» тұңғыш рет же­текшілік етіп, оның құрылуына ат­салысқан Жарқын Шәкәрім: «Шамамен 32 жыл бұрын ансамбль Өзбекәлі ағаның ұйытқы болуымен құрылған. Алғаш жасақталып жатқан тұста Өз-ағаң күніне бірнеше рет келіп, жұмысымызды бақылап тұрушы еді. Ол кезде бәріміз де жас едік. Сынаптай сырғыған уақыт сол уақыттағы өрімдей қыздар мен жас жігіттерді ас­қаралы алпыстың асуынан асырыпты. Ардагерлерін құрметтеп шақырып отыр­ған ансамбль жетекшісі мен мұражай басқармасына алғысым шексіз. Ал бүгін­гі кеште бізді әсем сазбен әлдилеген жас өнерпаздарға ақ жол тілеймін» деді.
«Сазген сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Бесбайұлы үлкен ансамбльдің негізін қалаған ардагерлерді құрметтеп, өмірі үлгі боларлық тұл­ға­лармен жастарды таныстыру маңызды екенін айтты. «Мен 1990 жылдан бері осы ансамбльде қызмет етіп келемін. Ал­ға­шында қобызда ойнайтынмын. Ал қазіргі күні ансамбльге жетекшілік етудемін. Бастапқыда «Сазген» болып құрылған ансамбль қазір «Сазген сазы» деген атты иеленген. Ұжымға кілең өнерлі жастар қабылданған. Өткізіліп жатқан кеш өз кезегінде жас өнерпаздарымызға үлкен үлгі болады деген ойдамын. Өйткені «Сазген» ардагерлерінің сара жолын жалғастырушылар осы жастар» деді.
Қазіргі таңда ұжымда 20 шақты ұлттық аспап пайдаланылады екен. Олардың осы 20 аспаптың күшімен әлем музыкасын да игеріп кете алатын мүмкіндіктері бар. Репертуары 500-ден астам шығармадан тұратын ансамбль қазақтың ұлттық ас­паптарын осылайша әлемге паш етіп келеді.
Қобыз, домбыра, сазсырнай, жетіген сынды аспаптардың үнін естігенде арқасы қозбайтын қазақ жоқ шығар. Тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерін құруға атсалысқан профессор, полковник Ким Серікбаев бұл кештен алған әсерін былай жеткізді: «Бүгін мұң-зарлы қобыздың, лирикаға толы сазсырнайдың үнін естідік. Тіпті шетел композицияларын да өзі­міздің төл аспаптарымыздан тыңдай алдық. Өнердің ел арасындағы қашық­тықты жойып, ұлттарды үндестіретін ұлы қасиеті бар. Бүгінгі кеште біз сонау Мәскеу, Париж, Украина, Молдавия, Италия сынды елдерге сапар шектік. Өнерпаздар орындаған композиция бізді осылайша шекараның арғы бетіне бірақ жеткізді. Керемет кеш болды» деді.

 

aikyn.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа