Сыры бөлек «Сазген сазы»

20 сәуір 2012

Биылғы жыл қала әкімі Ахметжан Есімовтің шешімімен Алматыда мәдениет жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай фольклорлы-этнографиялық «Сазген сазы» ансамблі А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп оқушыларымен кездесті.

Өнер ұжымының талай қаракөздерді қанат қағып ұшырған алтын ұяға ат басын тіреуі тегін емес. Ансамбльде осы білім ошағындағы ұстаздар мейірімінен нәр алып, тәрбиесімен сусындаған тоғыз бірдей түлек жұмыс істейді. Сондықтан алдыңғы буын музыканттар өздерінің ізін басып өсіп келе жатқан өнерлі өрендерге үлгі көрсетіп, кәсіби шеберліктерімен бөлісуді жөн санапты.

- 1994 жылдары «Адырна», «Сазген сазы» ансамблімен ән салған едім. Одан бері де талай уақыт өтіпті. Отыз жылдық тарихы бар бұл ұжымның іргетасы ең алғаш Өзбекәлі Жәнібеков, Болат Сарыбаев ағаларымыздың қолға алуымен Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптар мұражайы жанынан қаланған. Бүгінгі таңда сол ағаларымыздың көздеген мақсаты жүзеге асып, ойлаған армандары орындалды деп ойлаймын. Ұлттық аспаптарымызбен халық мұраларын ғана емес, джаз стиліндегі шығармаларды да орындап, жаңашылдыққа ұмтылып жүр. Көпшілік көзайымына айналған «Тұран» ансамблі де осы ұжымның қабырғасынан шыққан. Оқушыларға мұны күнде мың рет айтып қайталай бергеннен, бір рет көрсеткеннің әсері мол. Өз көздерімен тамашалаған соң, өнерге деген қызығушылықтары, құлшыныстары бұрынғыдан да арта түсетін болады, - дейді А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернат директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі.

Ал фольклорлы-этнографиялық «Сазген сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегенов:
- «Сазген сазы» отыз жыл ішінде отыздан аса шет мемлекетке барды. Талай байқауда топ жарып, жүлдемен оралды. Былтырғы жыл да біз үшін өте құтты, табысты болды. Он бір айда 8 мемлекетке гастрольдік сапармен барып қайттық. Төрт конкурс-фестивальде бақ сынадық.

Біз үшін оның ең бағалысы - желтоқсан айында Мәскеудің Үлкен театрында концерт қойғанымыз. Сол сапардан бір аптадан кейін халықаралық «Гнесин джаз» фестиваліне қатысып, 36 ансамбльдің ішінен Гран-при жүлдесін иелендік. Осындай жетістіктерімізді жас жеткіншектерге мақтанышпен үлгі ете аламыз. Кім білсін, ертең бұлардың арасынан да біздің ұжымда жұмыс істегісі келетіндер табылатын шығар, - деген ойын ортаға салды.

«Сазген сазы» ансамблінің дирижері, Мәдениет қайраткері Ықылас Нұрғалиев болса, балаларға арнап екі бөлімнен тұратын концерт дайындағанын жеткізді. «Бірінші бөлімде халық шығармаларын, екінші бөлімде шетелдік классикалық туындыларды орындадық. Педагогика ғылымдарының кандидаты, Мәдениет қайраткері Гүлнұр Өмірбаева, А.Жұбанов атындағы музыкалық мектептің 12 класс оқушысы Қаламқас Құрал, дәстүрлі ән өнерінің дүлділі Саят Нұрғазин, күміс көмей Жеңіс Ержанов сияқты жеке орындаушыларымыз кішкентай көрермендер көңілінен шықты деген үміттеміз. Бұйыртса, бұл шара Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта жалғасын табады» деді ол.

 

aikyn.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа