Құрметке лайық азамат

21 қаңтар 2013

Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі, белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің 70 жасқа толуына орай салтанатты шара өткізді.

Ыстық ықылас пен ақ пейілге толы шарада интеллигенцияның танымал өкілдері, ғалымдар, өнер қайраткерлері, журналистер бас қосса, олардың қатарында жазушы-драматург Дулат Исабеков, жазушы Смағұл Елубай, Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ахмадиев, Сейдахмет Құт­тықадам, Айдос Сарым және басқалар болды.

Мерейтой иесін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары Ералы Тоғ­жанов, Зиятдин Касанов, Ассам­блея Кеңесінің мүшелері, рес­публикалық этномәдени бірлес­тіктер жетекшілері құттықтады.

Бейресми жағдайда өткен кездесу барысында қатысушылар М.Әуезовтің рухани және мәдени-гуманитарлық қызметінің, оның Орталық Азия елдері эт­нос­тарының тарихи және мәдени даму үдерістерінің бірлігі, Қазақстанның тұтастығын, егемендігін сақтау және нығайту үшін барлық қо­ғамдық күштердің келісімі мен сындарлы үнқатысуын үнемі іздеу қажеттілігі, біздің еліміздің рухани және интеллектуалдық дамуы туралы идеяларының тек Қазақстан үшін ғана емес, Ор­талық Азия өңірі үшін де ерекше құнды екені төңірегінде әңгіме қозғады.

Қатысушылар Мұрат Мұх­тар­ұлының ғылымды, әдебиетті және ағартушылық ақыл-ойды дамытудағы рөлінің маңызын, оның Тәуелсіз Қазақстанның мә­дениеті мен қоғамдық адам­гершілік-этикалық нормаларын қалыптастыруда сіңірген өлшеусіз үлесін атап өтті.

Ералы Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мұхтар Әуезов қоры» қоғамдық қоры­мен белсенді әріптестік орнат­қанына тоқталды. 2007 жылдан бері Ассамблеяның қол­дауы­мен «Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік консорциумы» қоры М.Әуезовтің же­текшілігінде тұрақты негізде Орталық Азия өңірінің интел­лектуалдық ортасында кеңінен танылған «Жібек жолы бойындағы үнқатысу» атты халықаралық мә­дени жобаны іске асырып келеді. Жоба аясында этномәдени жә­не мемлекетаралық қарым-қаты­настарды үйлесімді ету жөнінде өзекті ілгерішіл идеялар, Орталық Азия халықтарының мә­дени қарым-қатынаста, бауыр­ластықта бірге өмір кешуінің көп­ғасырлық тарихи дәстүрлері қарастырылуда.

Жоба Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркіменстан мен Өзбекстанның жетекші шығармашылық жә­не гуманитарлық интелли­ген­циясының, қоғамдық инсти­тут­тарының кеңінен қатысуымен жүзеге асырылып келеді. Оның ая­сында конференциялар, пі­кір­таластар, үнқатысулар мен бейресми жағдайда кездесулер, баспасөз конференциялары мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылуда.

Салтанатты шараға қаты­су­шылар осы халықаралық жобаның елдер арасындағы өнімді рухани байланыстарды нығайтуға және жаңғыртуға, өңір елдері халықтары арасындағы екіжақты байланыстарды дамытуға, жоғары зияткерлік деңгейде мә­де­ни-гуманитарлық қарым-қа­ты­настар үшін сенімді үнқатысу алаңын қалыптастыруға ықпал етіп отырғанын мақұлдады.

Мерейтой иесінің атына құт­тықтау сөздері мен ізгі тілек­тер айтылды, өз кезегінде Мұрат Мұх­тарұлы Қазақстан халқы Ассам­блеясына ілтипатын білдіріп, бұл біздің халқымыздың бірлігі мен Отанымыздың тәуелсіздігін нығайту жолында нақты істер жасап келе жатқан институт деп атап өтті.

Шараға қатысушылар Мұрат Мұхтарұлының жылы шуақты жан дүниесі мен жоғары адамгершілік пайымы мемлекет пен ұлттық шығармашылық интеллигенциясы арасындағы үнқатысуды жоғары деңгейде ұйымдастыруға себеп болғанын атап өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құттықтау сөздерінде айтылған барлық жылы лебіздерге шын жүректен қосылады және мерейтой иесі – Мұрат Мұхтарұлына денсаулық, шығармашылық шабыт, ұзақ ғұмыр тілейді.

madenimura.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа