«Фольклордан – джазға дейін»

4 ақпан 2013

... Жаяу Мұсаның «Ақсисасын» жезқобыздың орындауында тыңдағаныңыз бар ма? Ал, «Гауһартасты» сазсырнаймен сызылтқанды ше? «Ажарың ашық екен атқан таңдай» деген әдемі ән сөзін сазсырнай қалай «сөйлететінін» білесіз бе? «Сазген сазының» кешінен кейін біз ұлттық аспаптардың өзіне ғана тән ерекшеліктері мен өзіндік тілін, дара үнін  ұғына түскендейміз...

Бейсенбі күні кешкілік Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үлкен концерт залында ғаламат концерт өтті. Алматы қаласы әкімдігінің «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі Алматы қаласындағы Мәдениет жылы аясында «Фольклордан – джазға дейін» деген кеш ұйымдастырды. 30-дан астам елден келген қонақтар қатысқан концерт 2 сағатқа созылды.

Бағдарламасы екі бөлімнен тұратын концерт көрермендерді ерекше репертуарымен тәнті етті. Кештің бірінші бөлімін ансамбль Байжігіт, Нартай, Ықылас секілді халық композиторларының шығармашылығына арнады. Көрермен «Көк балақ» пен «Желдірмені» тыңдап желпініп алды. Артынша, жұртшылық халық әндерінің попурриі мен «Аспаптар шеруі» музыкалық композициясын тыңдады.

Таяуда ғана дүниеден озған дәулескер күйші Тұяқберді Шәмеловтің «Ауылым-аңсарым» атты әнін Айгүл Қосанова нақышына келтіре орындады. 

Ал, ансамбль туралы «Қобыз бен қара домбыраның сарқылған кезі болған емес. Қазақ күйлерін «Сазген сазындай» асқан шеберлікпен орындайтын өнер ұжымдары аз» деп пікір білдірген Нұрғали Нүсіпжанов тыңдарманды өзінің сүйікті «Алатау», «Алматым – жүрегімде» әндерімен қуантты.

Ал, кештің басты жаңалығы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Мойынты ауылынан келген 12 жасар өнерпаз Сәтқозы Оразалыұлы болды. Сахнаға шыға сала, Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұлын» шабыттана шырқаған әнші баланың даусы залда отырған халықты дүр сілкіндірді. Биыл көктем айында халықаралық «Бозторғай» балалар байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Сәтқозыны ансамбль жетекшісі Бағдат Тілегенов концертке арнайы шақырыпты. Тырнақтай ғана баланың таудай талабын ән мен күйге сусап жүрген алматылықтар мен шетелдік қонақтарға таныту үшін. Арқаның дәстүрлі әндерін арқалана орындайтын Сәтқозы көрерменнің шексіз сүйіспеншілігіне бөленді. Польшадан келген мамандар кішкентай талантты бейнекамераға түсіріп, «бравосын» жаудырды. Ал, Сәтқозы «Молдабайдың әнін» даусын созып отырып, ынта-шынтасымен беріле шырқағандағы жұртшылықтың таңданысын көрсеңіз! Көзбен көргеніңді газет тілінде барынша суреттеп бергеніңмен, таланттардың теңдессіз өнерін халыққа өз ойыңдағыдан да асырып айтып бере алмайтындығыңа осындайда «қап!» дейсің. Мұндай өнерді газеттен оқу аздық етеді, оны тек көзбен көру керек, тамсана тыңдау керек!..

Кешті жүргізген талантты журналист Дана Нұржігіт бір сөзінде Сәтқозы туралы «Қазақтың сайын даласын жұдырықтай жүрегіне сыйғызған талант» деп жақсы айтты. Бізге кеш аяқталған соң 2-3 әнмен отырған жұртты бір серпілткен бала әншінің әкесімен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді. Оразалы Мұхтарұлы баласы жөнінде: «Сәтқозы домбыраны 7 жасында қолға алды. Өзінің әнге деген ынтасы зор, болашақта әнші болғысы келеді. Біз сәйкесінше баламыздың бетін қақпаймыз, оның өнерінің өрістеуіне қолдау жасаймыз. Сәтқозы ғаламтор арқылы Амангелді Түзелбаев деген жігітпен танысқан еді. Амангелді қазір баламның ұстазы, өнерге баулып жүр.

Балам қазірге дейін «Бозторғай», «Ақ көгершін», «Күншуақ» секілді байқауларда жеңімпаз атанды. Өткен жолы Астана қаласындағы «Конгресс-холлда» Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың алдында ән шырқады.

Сәтқозының анасы да, мен де – өнерден алыстау адамдармыз. Бірақ, біздің өңірден шыққан таланттардың көп екенін өзіңіз де білесіз. Баламыз сол тектілердің ізін жалғаса – біздің мұратымыздың орындалғаны. Өткен жолы «Бозторғайға» келгенімізде, Сәтқозы Бағдат Тілегенов ағасымен танысты. Бағдат ағасы бүгін баламды «Сазген сазының» концертіне қатыстырды. Сәтқозымның алматылық талғампаз көрермендердің алдында өнер көрсетіп, бағасын алғанына қуаныштымын» – деді.

Концерттің екінші бөлімі түгелдей джазға арналды. Бұл кеште Веласкестің әйгілі «Бесамме мучосы», Пьяцоллоның «Либертангосы» мен Джек Финаның «Бамбл Бугиі» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдің сүйемелдеуінде орындалды. Залдағы көрермен, әсіресе, шет елден келген қонақтар сазсырнай, шіңкілдек, жезқобыз, дауылпаз сынды ұлттық аспаптардың джазды орындаудағы шеберлігін көріп тамсанды, таңдай қақты.

Мұндай ғаламат концертте бізге тыңдарманның әсерін бақылау да бір қызық. Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жегін» тыңдағанда жұрт құдды бір шайқасқа қатысқандай демдерін ішке тартып отырды. Ал, Бәкір Тәжібаевтың «Ақ бұлағы» залда сондай бір жайдары, көңілді аураны орнатты. Ансамбльге дирижерлік еткен даңқты джазмен Яков Ханның харизмасы, ұжымды басқаруы қандай! Хан мырзаның сахнадағы ешкімге ұқсамайтын жарасымды биі, темпераменті өз алдына бөлек әңгіме. «Гауһартасты» сазсырнаймен жеткізген Ғалымжан Нарымбетовтің, «Ақ сисаны» жезқобызбен орындаған Әйгерім Қожабаеваның шеберлігі қандай! Қысқасы, екінші бөлім қазақтың ұлттық аспаптарының джазды өте жоғары деңгейде орындай алатындығын дәлелдеді. Сәтқозыны суретке түсіріп әлек болған шетелдіктер енді қазақ музыканттарының орындауында қалықтаған джаз әуендерін таспаға жанталаса жазып жатты...

Бір күндік емес, мәңгілік сарынды таңдаған «Сазген сазының» концерті осылай өтті. «Фольклордан – джазға дейін» деп ат қойып, бірнеше ғасырдың музыкасын қатар орындап, ғасырлар пернесін дөп басқан өнерпаздар көпшіліктің ықыласына бөленді. Айтпақшы, бұл кеш халыққа Сәтқозыдай талантты бүлдіршінді кеңірек таныстыруымен де құнды.

 

Тобықтай түйін: Бірер ай бұрын «Сазген сазы» ансамблінің жетекшісі Бағдат Тілегеновпен сұхбаттасып болған соң, «Қазіргідей алмағайып кезеңде бір жыл ішінде он шақты мемлекетті аралап, концерт беретін бұл қандай ғажап ұжым?» деп іштей ойланып қалғанмын. Сол сұрақтың жауабы енді табылған сияқты. Мұндай тиянақтылықпен, мұндай жанкештілікпен, өнерге деген шексіз сүйіспеншілікпен «Сазген сазы» әлі-ақ әлемді шарлайды, даңқы да ұзаққа кетеді... Маған сеніңіз!

 

Көрермен пікірі

 

Тұрсынжан ШАПАЙ, сыншы, сазгер:

              Қазақтың ұлттық аспаптарының мүмкіндігінде шек жоқ

«Сазген сазы» бүгінгі концертте қазақтың ұлттық аспаптарының барлық мүмкіндіктерін әр қырынан ашып көрсетті. Сондай-ақ, ансамбль қазақтың музыкалық аспаптарының жанр не бағыт таңдамайтындығын, кез-келген музыканы орындауға қабілетті екендігін дәлелдеді. Ең бастысы, ұжым барлық шығармаларды өте жоғары деңгейде орындады. Ұлттық фольклордың колоритке бай туындыларының бояуын толық ашты.

Газет: "Алматы акшам"


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа