Бағдат Тілегенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің директоры

11 ақпан 2013

                           Бір жыл ішінде сегіз мемлекетте өнер көрсеттік

–       Бағдат аға, ең алдымен өзіңіз басқаратын «Алматы әуендері» концерттік бірлестік туралы айтсаңыз.

–       «Алматы әуендері» концерттік бірлестігі 2003 жылы Алматы қалалық әкімдігі жанынан құрылған. Қазір бірлестікте 3 ұжым жұмыс жасайды. Олар: эстрадалық-симфониялық оркестр, «Самұрық» заманауи балет тобы және «Сазген сазы» ансамблі. 52 жылдан астам тарихы бар эстрадалық-симфониялық оркестрде 50-ден астам музыкант бар. Ал, «Самұрық» заманауи балет тобында 20 әртіс қызмет істейді. Үшінші ұжым – 20-дан астам өнерпаздан құралған фольклорлық-этнографиялық «Сазген сазы» ансамблі.

–       Білуімше,  «Сазген сазы» бұрынырақта «Сазген» деп аталған. Ансамбль қалай құрылды, оның алғашқы өнерпаздары кімдер болды?

–       1981 жылы үкіметтің қаулысы бойынша, Алматы қаласында Ықылас атындағы республикалық халық аспаптар мұражайы ашылды. «Сазген» белгілі қоғам қайраткері, қазақ өнерінің үлкен жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың тікелей мұрындық болуымен дүниеге келді. Алғашқы кезде мұражай жанынан ашылған «Сазген» ансамблінің құрамында 7-8 өнерпаз ғана болған. Оның тең жартысы – мұражай қызметкерлері. Яки, сол жылдары «Сазгенде» жартылай кәсіби, жартылай әуесқой әртістер өнер көрсеткен. Жылдар өте келе бұл ансамбльге консерватория бітірген білікті мамандар келе бастайды. Жалпы, ансамбль алғаш құрылған күннен-ақ қазақ халқының ұлттық аспаптарын, әндерін, күйлерін, ұлттық киімдерін дәріптеуді мақсат етті. Сол кездегі «Сазген» көрерменнің жүрегіне бірден жол тапты десек болады. «Сазген» ансамблі 1986 жылы Алматы облыстық филармониясының құзырына өтті. Сол жылдан бастап ансамбльдің жаңа кәсіби деңгейге өсу кезеңі басталады.

–       Өзіңіз бұл ұжымға қашан келдіңіз?

–       Мен ансамбльге 1991 жылы қобызшы болып орналастым. Бір жылдан кейін осы ұжымға жетекші болдым. Сол жылдары біз еліміздің түкпір-түкпірін гастрольдік сапармен аралайтынбыз. Бұрын әртістердің елдімекендер мен қалаларды аралауы кәдімгідей жүйеленіп, жолға қойылған жұмыс еді. Қазір ондай үрдіс байқалмайды. Шалғайда жатқан ауылдарымыз қазақтың әніне, күйіне, жырына сусап отыр. Кеңес үкіметі кезінде «Отырар сазы» болсын, Құрманғазы атындағы оркестр болсын, жекелеген әншілер, бәрі-бәрі ел-жерді аралап концерт қоятын. Облыстар екіжақты келісімшарт жасап, қалалар өзара алмасып концерт беретін. Бұл дегеніңіз - екі өңірдің тұрғындары бір-бірінің өнерімен танысады, жақынырақ біледі деген сөз. Қазіргі нарық кезеңі тіпті мына тиіп тұрған Талдықорғанға барып өнер көрсетуге де тарлық қылады. Қонақүй, әртістердің тәуліктік тамағы, жол пұлы бар, оның үстіне концерт беретін залды, дыбыс күшейткіш құралдарын жалға аламыз. Сол шығынның бәрін өтеу үшін билет құны кемінде 1500-2000 теңге болуы керек. Ал, қарапайым халықтың ондай билетті сатып алуға қалтасы көтермейді.

–       Сонда сіздер қазір гастрольдік сапарға мүлде шықпайсыздар ма?

–       Біз қазір демеушілер көмегімен гастрольдік сапарларға шығып тұруға тырысамыз. Өзімнің туған ауылыма ансамбльді апарған кезде, үлкен кісілер «Сендерді 15 жылдан бері көріп отырғанымыз осы. Қазір ауылға ешқандай әртіс келмейтін болған. Ән-күйге сусап отырмыз» дейді. Бізге ауылдарға жиі барып тұру керек. Оның бір пайдасы, кей ауылдың қарттарынан өзіміз бұрын-соңды естімеген ән-күйді үйреніп қайтамыз. Ол – біз үшін үлкен олжа.

–       Ал, «Сазгеннің» «Сазген сазына» айналған тұсы қай кез?

–       2000 жылы Алматы облыстық филармониясы Талдықорған қаласына көшті. Ол кезде филармония құзырында қызмет жасайтын «Сазген» ансамблінің мүшелері де сонда шақырылды. Бірақ, әртістер Алматыда 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп үйреніп қалғандықтан, әрі осында ұстаздық қызметтері болғандықтан Талдықорғанға көшуден бас тартты. Ұжым көшпейтін болған соң, мен де Алматыда қалғанды жөн көрдім. Сөйтіп, «Сазген сазы» деген ЖШС аштым. Бұрын ай сайын жалақымызды алып, үкіметке жұмыс істеген біз сол кезде көп қиыншылықтар көрдік. Алғашқы жылдары концертке дайындалатын жер таппай, әр әртістің үйінде репетиция жасайтынбыз. Жалақы да тұрақты болмады. 2003 жылы «Бізді қаланың бюджетіне қоссаңыздар екен» деп қалалық әкімдікке хат жаздым. Әкімдіктегілер сөзімізді жерге тастамай, 2003 жылдан бастап «Алматы әуендері» концерттік бірлестігі өз жұмысын бастады. Қазір бірлестікте жалпы саны 120-дан астам адам бар. Сол кезден бастап «Сазген сазы», «Самұрық» және эстрадалық-симфониялық оркестр қалада өтетін барлық мәдени іс-шараларға қатысып жүрміз. Жыл сайын шаһарда өтетін мерекелік концерттер мен Алматы қаласының шет мемлекеттердегі мәдени күндеріне тікелей атсалысамыз.

Өнеріміздің арқасында бізді қарапайым қонақүйден қымбат қонақүйге ауыстырды

–       Даңқты дирижер Шамғон Қажығалиевтің кітабынан Құрманғазы оркестрі қазақтың күйімен Париждің  менменсіген мсьелерін тәубасына келтіргені туралы оқыған едім. Сіздер де ұлттық өнерді шет мемлекетке танытып жүрсіздер. Шетелдік тыңдарман сіздерді қалай қарсы алады?

–       Қазақтың дарынды ұл-қыздары шетелдіктерді тек халық ән-күйлерімен ғана емес, әлемдік дәрежедегі шығармаларды да мінсіз орындайтындығымен таң қалдыра алады. Осы орайда, мен сізге мына бір қызықты оқиғаны айтып берейін. 1998 жылы Алматы облыстық филармониясының құрамында істеп жүргенімізде Италияның Сорренто деген курортты қаласында өтетін халықаралық фестивальге шақырту алдық. Сонда барғанымызда итальяндықтар бізді біресе қытайға, біресе кәріске ұқсатып, әлекке түсті. «Қазақстаннан келдік» десек, «Білмейміз» деп иықтарын қиқаң еткізеді. Байқаудың бірінші бөлімінде әлемнің әр түкпірінен келген өнерпаздар көшеде өзінің ұлттық ән-күйімен шеру жасап өтеді. Шеруде біз Шотландия мен Испания мемлекетінің ортасында тұрдық. Үлкен-үлкен барабан, гитарасын құшақтаған испандықтар мен шотландықтардың саны бізден көп еді. Сондықтан, олардың аспаптарының даусы жер жарып, біз әуендеткен «Менің Қазақстаным» әнінің даусын басып кетті. Бұл шеруден жеңіліс тапқан жауынгерге ұқсап көңілсіз қайттық. 

Келесі күні әділқазылар алқасы Қазақстанды жыға танымағандықтан, біздің бірінші болып өнер көрсеткенімізді қалады. Алдымен, Құрманғазының «Сарыарқасын» орындадық. Әнші Бағдат Сәмединова Н.Тілендиевтің «Өз елімін», «Саржайлауын» шырқады. Өзімізге берілген 15 минут уақыт ішінде мейлінше жылдам әрі көңілді ойналатын күйлерді орындауға тырыстық. Бізді жете танымағандықтан қазылар алқасы ән-күйімізді самарқау тыңдап отырды. Уақытымыз болса, аяқталып келеді, не істейміз, бұларды қалай таң қалдырамыз?  Алдын-ала итальян тіліндегі 5 әнді дайындап барған болатынбыз. Кезінде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жұмыс істеген Қайыржан Жолдыбаев есімді опера әншісі 5 әнді бірінен соң бірін нақышына келтіріп шырқады. Шыны керек, итальяндықтар бізден мұндайды күткен жоқ. Ән үзілгеннен кейін залда аз-кем үнсіздік орнады. Бір сәт іркіліп қалған көрермен артынша тік тұрып шапалақ ұрды. «Грацио, брависсимо, белиссимо, бис!» деген қошемет сөздер бірінен соң бірі айтылып, біздер сөзбен айтып жеткісіз керемет сезімге бөлендік. Көрермендер бізді сахнадан жібермей, Қайыржанға тағы 2-3 ән айтқызды. Өзіміздің шағын концертімізді Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнімен аяқтадық. Ертесіне бізді өзіміз тұрақтаған қарапайым ғана қонақүйден қымбат қонақүйге ауыстырды. Сол қаланың басшылығы 3 жылдан кейін біздің ұжымды қайта шақырды. Бұл жолы бізді барлық тұрғындар үлкен овациямен қарсы алды. Өнердің құдыреттілігі осы.

–       Байқаймын, «Сазген сазы» шет мемлекеттерге көп шақырылатын сияқты.

–       Иә, қазір біздің шет елге шығып өнер көрсетуімізге жеке сайтымыздың да көп көмегі тиіп отыр. Қазіргідей ақпараттық технологияның дамыған заманында қол қусырып отыру мүмкін емес. www.sazgen-sazy.kz атты сайтымызда біздің ұжым туралы 3 тілде толыққанды ақпарат берілген. Сондай-ақ, мұнда өнерпаздардың суреттері, бейнероликтер орналастырылған. Былтыр біз 1 жыл ішінде 8 мемлекетте өнер көрсеттік. Биыл да жыл басынан бері 4 елге барып келдік. Жыл аяқталғанша тағы бірнеше мемлекетке барып концерт беруді жоспарлап отырмыз.

                   Домбыраға арналған 15 мыңға жуық күй бар

Биылғы «Мәдениет жылы» аясында жасалып жатқан шараларға тоқталсаңыз.

–       Шаһар басшысы Ахметжан Есімов биылғы жылды  «Алматы қаласындағы Мәдениет жылы» деп жариялағалы жыл басынан бері бірталай мәдени шаралар ұйымдастырылды. Сан түрлі концерттер, фестивальдер, байқаулар өткіздік. Жуырда ғана өткен «Күміс көмей, жезтаңдай» атты І қалалық дәстүрлі әндер байқауына домбырамен ән салатын 40-тан астам өнерпаз, эстрада жанрында ән айтатын 30-ға жуық әнші қатысты. Сол байқауда қазылық еткен 9 адамның ішінде мен де болдым.

– Былтыр күзде алғаш рет ұйымдастырылған «Ғасырлар сазы» фестивалі дәстүрлі түрде өткізіледі деп едіңіздер.

–       Иә, былтыр күзде біз қалалық әкімдіктің қолдауымен республикалық «Ғасырлар сазы» деген фольклорлық-этнографиялық фестиваль ұйымдастырған едік. Оған Қазақстанның әр аймағынан 28 ансамбль келіп қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші кезеңде халық күйшілерінің күйлерін, ал, екінші кезеңде Қазақстан композиторларының күйлері және жаңа ырғақтар орындауға тиісті болды. «Сазген сазы» осы байқауда «Аспаптар шеруі» деген композициямен бас жүлдені әділетті түрде жеңіп алды.

Осы фестиваль аймақтағы оркестрлердің проблемасының шетін шығарды. Ол – репертуар тапшылығы. Бір ғана мысал, байқауда көптеген ансамбльдер Дәулеткерейдің «Көроғлысын» ойнады. Ал, бізде домбыраға арналған 15 мыңға жуық күй бар екенін білесіз. Сондай-ақ, фестивальде өнерпаздардың талғамына, сахналық костюміне қатысты да біраз сын айтылды. Сол себепті біз аймақтағы өнер ұжымдары жақсы дайындықпен келсін, репертуарын ретке келтірсін деген оймен фестивальді жыл сайын емес, бірнеше жылда бір рет өткізгенді дұрыс көрдік.  

–       Бүгінде сізді қай мәселе көбірек толғандырып жүр?

–       Қазір кез-келген жастан «Қазақ халқының қандай ұлттық аспаптарын білесің?» деп сұрасаң, «Домбыра, қобыз, сазсырнай, шаңқобыз, сыбызғы» дейді де іркіліп қалады. Ал, қобыздың өзінің 5 түрі, домбыраның 3-4 түрі бар екенін білмейді. Бұған тек жастарды ғана кінәлай алмаймыз. Өзім жұмыс бабымен Түркия мемлекетіне көп барамын. Сонда олардың радиосы да, теледидары да өздерінің ұлттық әуендерін насихаттайтындығын жиі байқаймын. Ал, бізде телеарналар мен радиолар таңертеңнен кешке шейін шетелдік даңғаза музыканы қояды. Егер сіз бен біз халық әндері мен күйлерінің көбірек дәріптелуіне жұмыс істесек, ұрпағымыз ұлттық құндылықтарымызды танып өсер еді. Таяуда ғана ашылған «Мәдениет» телеарнасы бір жыл ішінде қазақ музыкасын таныту үшін қыруар шаруа жасады. Бір әттеген-айы, ол арнаны ауылдар мен шағын қалалардағы тұрғындар көре алмайды.

Соңғы жылдары мәдениет саласында үлкен шаруалар атқарылып жатыр. Мәселен, жуырда ғана «Қазақтың мың әні», «Қазақтың мың күйі» деген антологиялар жарық көрді. Олардың бағасы – 40-45 мың теңге. Қарапайым халық ол дискілерді алуға ынталы, бірақ, қалтасы көтермейді. Осы дискілер өнер ұжымдарына, оқу орындарына тегін таратылса екен деген тілегіміз бар.

Газет: "Алматы акшам"


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа