Текті адам арзан әнге құмартпайды

18 ақпан 2013

BAQ Майра ІЛИЯСОВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Майра» продюсерлік орталығының жетекшісі: 

Кезінде Күләш Байсейітовадай қазақтың бұлбұл әншісін «чудо» деп атаған Ғабит Мүсірепов бола­тын. Сіздің өнердегі 30 жылыңызға орай өткізгелі жатқан кешіңізді «Қа­зақ­тың Майрасы» деп атаған да, бәл­кім, қазақтың бір зиялысы болар?

– Қызық болды өзі. Дүниеге сәби келсе де, әдемі есім іздеп шарқ ұратын халықпыз ғой. Сондықтан кеш өткізерде де қалай атарымды білмей, біраз ойланғаным рас. Қали Сәрсенбай деген қазақтың сондай бір зиялы азаматын танымайтын жұрт аз шығар. Сол кісімен бір мерекеде дастар­қан­дас болғанымыз бар еді, сонда мен есіктен кіріп келіп едім, «қарсы алыңыздар, қазақтың Майрасы келді» демесі бар ма?! Басында аса мән бере қоймап едім, біраз­дан соң тағы «орталарыңызда қазақтың Май­расы отыр» десе, үшінші рет тағы «қа­зақтың Майрасын ортаға шақырамын» деді. Сонда ғана мен «әй, мына теңеу қан­дай керемет өзі, мені қазақтың Майрасы деді ғой» деп ойланып қалдым. Сондай білімді азамат, қазақтың білдей бір тұлғасы айтты ғой деп, өзімнің осы 30 жылдық халыққа есеп беру кешімді де «Қазақтың Майрасы» деп атауды жөн көрдім. Одан артық қандай атақ керек әншіге?! Кештің сценарийін де белгілі қаламгер Қали Сәрсенбей жазды.

– Ең алғаш ел алдына қандай әнмен шығып едіңіз, есіңізде бар ма? Сол бір кез бен бүгінгіңізді салыстырсаңыз, не өзгеріс байқайсыз, яғни бұрын кім едіңіз, қазір кім болдыңыз, өз пайым­дауыңызша?

– Ең алғаш сахнаға 1978 жылы шық­тым. Ол кезде 1-курс студенті едім. Әлі есімде, «сені «Гүлдермен» бірге концертке алып кетейін деп тұрмыз» деп, дәрісте отырған жерімнен алып кеткен болатын. Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында өткен сол бір үлкен концертте Дінмұхаммед Қонаев сынды қазақтың ардақ тұтар тұлғасының отырғаны күні кешегідей көз алдымда. Егер сол күннен бастап есептесек, әрине, 30 жылдан асады, бірақ өзім соны дөңгелектеп алуды жөн көрдім. 20-дан жаңа асқан кезде алғаш орындаған әнім Кенен Әзірбаевтың «Ой, жайлауы» болатын, әрине, есімде. Содан соң Нұрғиса Тілендиевтің «Аралдағы жеңе­ше-айы», сосын халық әні «Бір келін­шек», міне, осылар болатын. Сол әндерімді орындаған «Майра Ілиясова ән шырқай­ды» деген фильм-концертім Алтын қорда сақталған болуы керек. Ал енді салыстыру жағына келсек, ол Майра мен бұл Май­раның арасы жер мен көктей. Ол Майра жас, албырт, әннің де бірін түсінсе, бірін түсінбеуі мүмкін. Қанша дегенмен, өнердің де, өмірдің де базарына енді ғана кіріп келе жатқан кез ғой. Ал қазір қандай ән орындасам да, алдымен оның сөзін, әнін ой елегінен өткізіп аламын әбден. Орындағанда да философиялық толғауға беріліп дегендей... Алайда сол кездегі кереметім деп жастығымды айтуға болатын шығар. Жастықпен біраз қателік жасап, өнер жолында біраз адасып барып, қайта өз орнымызды тапқан да тұсым бар...

– 30 жыл деген – шынында, адам­ның бір есеп берер шағы. Осы ретте сіз «адастым» деп нені меңзеп тұрсыз, то­лығырақ тоқталасыз ба? Бір өкініші­ңіз бар секілді ме?..

– Жоғарыда айтқан концертте бойымда жылт еткен бір сәуленің барын бірінші болып байқап, «Майражан, қалқам, әжеп­тәуір үнің бар екен, бірақ әндерің аздау» деп маған өз бағасын берген – қазақтың біртуар азаматтарының бірі, Халық әртісі Хадиша Бөкеева апамыздың жары Байғали Досымжанов. Бірақ менің бір өкінішім – балалық па, шалалық дейміз бе, сол кісінің берген телефонын жоғалтып алып, хабар­ла­са алмай қалғаным. Өнер адамдары өзі бала секілді таза, бала секілді сәл нәрсеге өкпелегіш келеді ғой, ағамызды аздап ренжітіп алдым ба сол кезде деп ойланып кетемін кей-кейде... Екінші бір өкінішім: 1979 жылы эстрада және цирк колледжін 30 әнші бітірсек, соның екеуін ғана Ал­матыда алып қалды. Соның бірі – мен, екін­шісі – Ақбота Керімбекованың анасы, бел­гілі әнші Бибіажар Махамбетова. Ол кезде Ал­матыда қалу деген сондай бір қиын­дық­пен, мемлекеттік комиссияның қатаң сына­ғы­нан өтіп барып қол жеткізетін толағай табыс болатын. Бірақ соншалық сыннан өтіп, әнші болып, Алматыда қалғанымда ол жолмен жүрмей, марқұм ұстазым Кәу­кен Кенжетаевтың шақыруымен осы бүгінгі Т.Жүргенов атындағы академия, сол кездегі театр және көркем сурет институтына түстім де кеттім. Ол жерде менің дәстүрлі әнге нағыз бейімделген табиғи дауысымды бұзып, классикалық дауыс үлгісін қойып берді. Соның салдарынан, шыны керек, өзімді-өзім таба алмай қалған кезім болды. Соған өкінемін. Сонда әлі өзіме не керек екенін, өзімнің нағыз дарынымды салмақ­тай алмағаным болып тұр ғой. Ата-анамыз да «жоғары білім алу керек» деген соң, «қалайда сол студияның білімімен қалмауым керек» деген ой болды.

– Сонда сіз актрисасыз да ғой, со­лай ма?

– Иә, дипломым бойынша мен «әнші-актрисамын». Бізді классикалық ән сала­сын­да оперетталар орындауға бейімдеді. Сонымен, қазақы домбырам қалып қойды, өзімді-өзім таба алмай қалған кездерім болды дегенім сол. Сосын «Сазген» фоль­клор­лық ансамбліне кірген уақытта қайта­дан өзімді таптым. Бірақ осы екі ортада Қайрат Байбосынов ағамыз көпке дейін маған өкпелеп жүрді. Сол жылдары, есім­де, ағамыз мені көріп қалды да, тоқтатып алып: «Неге домбыраны тастадың? Бірден филармонияда жұмыс істеуің керек еді», – деді. Мен де жұлып алғандай: «Аға, өзі­ңіз оқып жүрген кезімде бір рет те болса «се­нен жақсы әнші шығады» деп мақтады­ңыз ба?» – дедім. Сонда ұстазымыздың әдейі бетке мақтамағаны болып тұр ғой, біз жақсы оқысын, алға ұмтылған үстіне ұмтылсын деп. Жастық шақта осындай бір қателіктеріміз болған азды-көпті. Алайда Т.Жүргенов институтына түспегенімде мен Рахилям Машуров, Кәукен Кенжетаев­тай ұстаздарым мен Роза Рымбаева, Гүл­баушан Тілеубекова, Әсел Мәмбетова сын­ды курстастар таппас едім. Сондай-ақ сах­на мәдениетін, мәдени ортада өнер ада­мының өзін ұстауымен қатар, ұстаздық қасиеттерді де үйрендім. Сан-саққа кетіп барып, өзімді тапқаныма Құдайға шүкір деймін.

– Киноға түсуге ұсыныс жасалды ма немесе өзіңізде актриса болу деген арман болды ма? Бәлкім, бүгінде көрермен әнші Майрамен қатар, актриса Майраны көріп қалар ма еді?

– Жоқ, көзімнің анық жеткені: мен актриса емеспін. Адам өз шамасы мен қа­лауын біліп, мойындауға тиіс. Мойындамау – бүгінде өнерде жүрген жастарымыздың ең көп қателікке бой алдырып қана қой­май, уақыты мен абыройын жоғалтуына соқтырып жатқан дерт. Дипломдық жұмыс­та тәп-тәуір ойнап шығып, актриса деген мамандық алып, театр мен киноны жақсы көрсем де, мен өз жолымды ол саладан көрген жоқпын. Мен әншімін. Сондықтан ешқашан да тіпті бір сәтке болса да «мен мынадай рөл сомдай алмадым-ау» немесе «маған ешкім кинодан рөл ұсынбады» деп өкінген емеспін. Егер қайта туып, қайта таңдау жасау мүмкіндігі берілсе, ойланбас­тан әншілікті таңдар едім.

– Неге әншінің бірі өседі де, екіншісі өшеді? Өз әншілік тәжірибеңіз бойын­ша осыған жауап бере аласыз ба?

– Әншінің бақыты да, соры да – репертуар таңдай білуде. Өзінің дауысына сай ән таңдай білген әнші өседі де, көрінген әнді айта салған әнші мазаққа айнала­ды. Репертуар таңдай білу деген – түйсіктің, өренің ісі. Ол, әрі-беріден алғанда, адамға генмен берілетін тектілікке байланысты.

– Білімге де байланысты ма осы? Бүгін, мысалы, кәсіби маман еместер ба­сып алды ғой сахнаны. Сіз соған не дейсіз?

– Жоқ, оған онша қосылмаймын. Тек деп тұрмын ғой, мысалы, кезінде Әміре, Ақан, Біржан сынды әншілерімізге кім дип­лом берді? Олар – тума таланттар. Сондай-ақ олар ақылды, ең бастысы, текті еді. Текті адам ешқашан арзан әнге құмарт­пайды. Бір күндік арзан ән үшін тегін сатып, абы­рой­сыздыққа ұрынбайды.

– Арзан ән дегеніміз қандай, қым­бат дегеніміз ше, сіздіңше?

– Қымбат ән дегеніміз – ақылды ән. Халықтың жүрегіне жететін ән. Ғасырдан-ғасырға ұмытылмайтын ән. Ол – сені жы­лататын, күлдіретін, ойландырып, толған­ды­ратын ән. Ол – сені ерекше бақытқа ке­­нел­тетін, репертуарыңнан ешқашан түс­пей­тін, ешқашан сұраныстан қалмайтын ән. Мәселен, «Гауһартас» пен «Бұлбұл» Би­бігүл Төлегенова апамыздың 60 жыл ре­пер­туарынан түспеген. Міне, тектілік деген – сол!

– Ресейлік әншілер репертуа­рын­да­ғы әр әнді өз өміріне байланысты таң­дап, соны жан-жүрегімен орындаған­дық­­тан, бірден-ақ тыңдарман жүрегін жау­лап алатын сияқты. Ал біздің қа­зақ­қа осы жағынан үлгі алу керек пе? Мә­селен, сіздің өз ішкі жан дү­ниеңізде бо­лып жатқан құбылыстарды ән арқы­лы халыққа сездіргіңіз келер ме еді?

– Келісемін. Тектілік, ақылды әнші деп отыр­ғаным да – сол. Егер сіз қайғылы бір халық әнін орындауыңыз керек болса, өз басыңнан сондай бір мұңды өткермесең, оны сезінбейсің, сондықтан ол әнді халыққа жеткізе алмайсың да. Егер сенің сезімталдығың, тектілігің және де, әрине, орындаушылық шеберлігің болмаса, ол ән халыққа жетпейді. Бізде ақылды әншілер көп. Мысалы, Алтынай Жорабаеваны ақыл­ды әрі текті әнші дер едім. Ақылды әншінің бірі – біздің Рамазан Стамғазиев. Ал енді осылардың барлығының басында тұрған әнші Мақпал Жүнісова дер едім. Мақпалдың тектілігі, Мақпалдың ән орын­дауы, Мақпалдың әнді жүрекпен орын­дауы – ол бір құбылыс. Бұл пікірді ешкімнен де именбей, қорықпай, ұялмай айта ала­мын. Мақпал әнді жеткізгенде тура жілік-жілікке бөліп, бейнебір бассүйегіңді ашып, миыңның да тамыр-тамырына құйып бе­ретіндей... Жыласа да, шынайы жылайды, күлсе, шын жүрегімен күледі. Жасандылық онда атымен жоқ. Мақпалдың мықтылығы – сонда! Бұл менің кейбіреулерді бөлектеп, қалғандарын төменшіктеткенім емес. «Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасы­сын» деген қазақтың сөзі бар ғой. Ал мен қазақтың қызы, қазақтың Майрасымын. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дей­ді» дегенді әрбір қазақ өзіне өмірлік ұста­ным етсе дер едім.

– Ал енді өз жайыңызға оралсақ. Әншіліктен бөлек, сіздің бүгінде про­дюсер­лік қырыңызды көріп жүрміз. Жы­лына бірнеше жоба түгіл, 10-15 жыл­да өткізетін өз концертін өзі ұйым­дас­тыра алмайтын әншілеріміз бар ғой. Осы продюсерлікке қалай бел шеш­тіңіз? Қазақта әлі ондай бір жол қа­лыптаспай тұрғанда жазықтан соқ­пақ салғандай қиын тиген жоқ па?

– Иә, мұныңыз рас. Менің өзіме «Май­ра­жан-ау, сен қалай жылына бірнеше жоба жасап үлгересің, кеш өткізу деген қиын екен ғой, көмектесші» деп қоңырау шала­тын әріптестерім, достарым бар. Өзімді керемет продюсермін деп айтудан аулақ­пын. Дегенмен бір нәрсені айта аламын, продюсерлік – ұстаздықтан басталатын іс. Өзімді продюсер деп айтпаймын сондық­тан, мен ұстазбын. Ал жас продюсерлер жайына келер болсақ, олардың көбі – заманға икемделіп, тәуекелмен жұмыс істеп жатқан іскер азаматтар. Өзі әу баста продюсер болайыншы деген адам емес­пін, ата-аналардың өздері ән салатын бала­ларын жетектеп әкеліп, «сахнаға шығатын жол көрсетіңізші, орындаушылық өнерін шыңдауға көмектесіңізші» деп, солайша осы жолға қалай бел шеше кірісіп кетке­німді байқамай қалғанмын. Өйткені алдыма әкелген баланың әні ұнамайды, киген киімі, сахнада өзін-өзі ұстай білмей­тініне қарап, жаным ашитын. Бесіктен белі жаңа шыққан бала махаббат туралы ән салады, сол дұрыс па, көрермен оны дұрыс қабылдай ма, жалпы, жас ұрпақ үшін ол дұрыс қасиет пе? Соның бәрін көргенде жаным ашып, соларды тәрбиелейтін ұстаз керек екенін түсіндім. Қолымнан келетін болған соң кірістім ғой.

– Жалпы, жақсы продюсер болу ақша­ға байланысты ма?

– Ақша – продюсердің қолын байлай­тын да, жолын ашатын құрал. Бірақ продю­сер болу үшін жалғыз ақша жеткіліксіз. Мәселен, өзімді алсам, әрине, мультимил­­лио­нер емеспін. Ақшаны маған ешкім бермейді, еңбектеніп жүріп, бірінікін біріне жалғап, тауып жүрген жайымыз бар. Қар­жым соншалық жеткілікті болмағандықтан да қазір жасап жатқан жобаларымның 30-40 пайызын ғана жүзеге асыра алып жүрмін. Ал егер маған осы ретте қаржы көздері табылса, онда ойымдағының 100 пайызын орындаудан күш-жігерімді, идеямды аямас едім. Мысалы, айталық, менің 60 мың долларға клип түсіргім келе­ді, бірақ «жомарттың қолын жоқ бай­лай­ды» дегендей ғой... Әйтсе де қазірдің өзін­де 4-5 мың долларға арзан клип түсіріп, абы­ройды төгу өз алдына, халықтың тал­ғамын арзандатып жүрген жоқпын деп ой­лай­мын. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетсем, Өзбекстанға барып, арзан дүние­лер жасап жүрген әншілерімізге қарным ашады. Неге? Қазақ әнін айтып тұрып, ар жағынан ала шапанды шал, ала шапанды бала, өзбек қызын көрсетіп жатқанда жүрегім ауырады. Қазақ әнінде қазақ жүруі керек қой. Мейлі, ол кино болсын, клип болсын, қанша ақша беріп тұрсаң да, өзбек ағайынға «ала тақияңды шешіп, қазақтың бөркін ки» деңізші, олар клипке түспейді. Клипмэйкерлер де өздерінің алды­на барып тұрған соң, қазақтарға өз шартын қоя алады, себебі олар бізге ақшаға жалданып тұрса да, өз шартын қояды. Пұл көрсетсең, құл болып кете салмай­тын олардың сол қасиетіне риза болуымыз керек. Бірақ одан өзімізге неге үлгі алмай­мыз? Неге қазақ бір клипті арзан жасатуға бола неге болсын көне салады?! Осыған мән беретін, намысымызды қайрайтын кез жетті емес пе?! Жан-жағымызға қарайық­шы, өзбек ұлтжанды, қырғыз ұлтжанды, түркімен ұлтжанды. Ал біз еліктегіш халықпыз, ащы да болса, шындық – бұл. Көзіммен көріп жүрген соң айтып тұрмын. Өз басымыздың қамын ұлттың жанынан артық санап кетеміз, менің соған жүрегім ауырады. Менің бірде-бір тобым Өзбек­стан­ға барып, клип түсірген емес. Бірнеше тобым болса да, соның ішінде «Еркенің» ғана екі клипі бар. Әрине, басқа да топтарыма клип түсіргім келеді, бірақ оған дайындық болып, қаржы жетпеген соң, арзан екен деп, «ағаш түбіне екі өзбекті қойып», соған «клип түсірдім» деп, Ала­шым­ның алдында абыройымды түсіргім келмейді. Ал жақсы клип түсірген топтар мен әншілерді жоғары бағалаймын, сый­лай­мын. Бұл жағынан Қыдырәлінің еңбегін жоғары бағалаймын.

– Кейінгі кездері, байқадыңыз ба, қазақ эстрадасында классикалық стиль мен эстраданы ұштастыратын квартет­тер мен квинтеттер пайда болды. Бұл ненің белгісі? Жалпы, қуануымыз керек пе бұған?

– Классика – қай заманда да классика, құны жоғары сала. Дегенмен де сіз айтып отырған топтар – соны заманға бейімдеп, сахнаға сол арқылы аздаған жаңалық әкеліп жатқандар. Алмас Кішкенбаев құр­ған «Классик», Сәкен Майғазиевтің «Пара­са­ты» келді іле-шала. Мақсат Жәутіков құрған «Аңсар» тобы бар. Мен де «Асум» деген топты осы стильде құрдым. Бұл да – бір жағынан, жетістік, әншілеріміз өз аяқтарынан тұрып, енді өз жетектеріне бір-бір топ алатын жағдайға жетті деген сөз. Бірақ бір ұнамайтыны – бәрінің бір-біріне қатты ұқсастығы. Бір жағынан, бұл үрдісті құптаймын да. Неге? Себебі бүгін бізде опе­раға баратын көрерменнің саны аз. Мәселен, таяуда телеарналардың бірінде Ресейде қойылған бір жас әншінің операсы жайлы айтып жатыр, оған билетті ел алдын ала жапа-тармағай талап кеткен. Себебі ол әнші өзге опера әншілеріндей итальянның дауыс қойылымымен орындамайды, өзін­ше, бастысы, жүрекпен айтатын көрінеді партияларды. Ал бізде – біріншіден, қатып қалған итальянша орындау үрдісі, ол бір деп қойыңыз. Екіншіден, жасы ең кемі 35-40-тан асып кеткен әйелдер 16 жастағы қыздың рөлін сомдап, соның партиясын салады. Опера театрында қазір 18 жастағы әнші бар ма? Жоқ. Операға халық бармай­ды деп режиссерлер өкпелеп жатады, оның ең бірінші себептері осылар деп ой­лай­мын. Екіншіден, біз бұл салада осыдан бір ғасыр бұрынғы жолмен әлі келе жатыр­мыз. Сондықтан опера жанрын эстрадаға бейімдеу, бір жағынан, халықты сол театр­ға дайындау да болып табылады. Маған тағы бір ұнамайтын жайт: қазір эстрадада топ-топ әнші көбейді. Егер ол топтағы төрт әнші төрт дауыста шырқаса, ол керемет болар еді. Бізде олай емес, үш сопрано, үш тенор, үш баритон, үш альт болып, 6-8-ден шығып жатады. Бұл кәсіби тұрғыдан алып қарағанда өте бір дөрекі көрініс дер едім. Осыдан кейін халықтың неге кейінгі кезде эстрада әншілеріне көңілі толмайды десек, ізде­ніс жоқ, кәсіби көркемдік жоқ, яғни қи­мыл-қозғалыс жоқ, киім киіске дұрыс көңіл бөлінбейді, дауысы бір-бірінен аумайды, сосын халық жалықпай қайтеді?! Қарапа­йым халық түгіл, музыкадан хабары бар менің өзім кім орындап жатыр, кімнің дауысы екенін айыра алмаймын. Кейінгі кезде «Заман», «Серілер», Ерболат Құдай­бер­геновтер ерекше көзге түсіп жүр, себебі ешкімге ұқсамайды.

– Осы соңғы үш-бес жыл көлемінде жас әншілеріміз, тіпті қазақ эстрада­сын­­дағы орыстілді әншілердің өздері де халық әніне көше бастады. Қуануға болатын шығар, мүмкін, бірақ әлгілер­дің көбінің орындауындағы қазақ әні­нің сиқын көріп, езуіңізді тез-ақ жиып, қабағыңызды түйіп, қазақ ретінде намысыңыз оянады. Неге? «Әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» де­ген­нің сиқы. Сөзі түсініксіз, ал әуені – мүлдем басқа ырғақ, басқа иірім, тіпті әр жол, әр буын сайын милизм қосып, дауысты дірілдетіп, ыңырсытып, әй­теуір, қазақтың әнін барынша батыс­тық стильде жеткізгенде қазақтың төбе шашы тік тұрардай жиіркенішті ән пайда болады. Біз қалай қарап отырып, қазақ әнін қорлата бермекпіз? Тыйым салуға болмай ма осыған?

– Қазақылықтың жоқтығында ғой, тек қана тілде емес, ділде жоқ. Шетелдің әнін тыңдап, соны жақсы, ал ата рухы бар әнді архаизм көретін бүгінгі менталитеттің жет­кізген жері – осы. Бұған тыйым салу керек, әрине, бірақ біз ол түгіл, фонограммамен орындаудың өзімен талай жыл алысып, жеңе алмай келеміз ғой. Осы таяу бола­шақта арнайы заң күшіне еніп, фонограм­мамен орындауға тыйым салынады деп жатыр. Сол кезде сұрыпталар, әйтпесе қазір кім көрінген сахнаны баса көктеп, эфир­ді жаулап алды. Себебі шешетін – ақша. Біз де бір нәрсеге қол жеткіздік: бұ­дан былай Алматыдағы Республика сара­йында кім көрінген концертін қоя алмайды.

– Ол жерде концерт беретін әнші қандай талапқа жауап беруі керек ен­дігіде?

– Кәсіби білімі бар және сол биік кәсіби дәрежеде әнді жақсы орындайтын, сахна­лық костюмдері соған сай, сцеанарийі са­қа­дай сай әншілер ғана ол жерде өз кешін өткізе алады. Қытайдың көйлегі мен қытай етігін кие салып, арзан әнімен алып сарай­дың сахнасына шығып кетуге мүлдем жол берілмейді. Өйткені киім мәдениеті, ән таң­дау, орындау шеберлігі – осының бар­лы­ғы сахна мәдениетін құрайды. Бізде бұл соңғы жылдары ең төменгі дәрежеге дейін құлдырап кеткен болатын.

Құлаққағыс

Бүгін сағат 19:00-де Алматы қаласындағы Республика сарайында белгілі әнші, «Майра» продюсерлік орталығының продюсері, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясованың «Қазақтың Майрасы» атты мерекелік ән кеші болады. Қазақтың ән мен жырына сусындаған халықты осы кештің қонағы болуға шақырамыз. Майра Ілиясованың өзі және кейінгі кездері әншінің қолдауымен өнерге келген «Серілер», «Ерке», «Асум» т.б. жас топтармен қатар, қазақ эстрадасының белгілі әншілері қатысатын кештен қапы қалмаңыздар!

i-news.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа