Ертіс-Баян өңірі «Көктем самалымен» тербелді

13 мамыр 2013

Павлодардың мәдени өмірінде үлкен жаңалық. «Көктем самалы» қайырымдылық фестивалінің шымылдығы Ертіс өңірінде ашылды. 

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында өткен кешке әнші Дариға Назарбаева, мемлекеттік академиялық хор капелласы және мемлекеттік филармониясы мен «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі қатысты.

Осынша көп құрамдағы өнер ұжымы Павлодарда алғаш өнер көрсетіп отыр. Әрбір орындалған ән талғампаз көрерменнің жүрегіне жол тауып жатты. Әдемі кеште қазақтың халық әндерінен бастап итальян, француз тілдеріндегі танымал туындылар асқан шеберлікпен орындалды.

Дариға НАЗАРБАЕВА, әнші:

- Біз концертімізді Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында өткізіп отырмыз. Менің Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне  деген көзқарасым ерекше. Олар мен үшін туған әкем мен анамдай. Сіздердің көзсіз ерліктеріңіз болмаса, мен бұл дүниеге келер ме едім, білмеймін. Мен өзімнің осы өмірге келгенім үшін сіздердің ерліктеріңіз алдында қарыздармын. Рахмет сіздерге.

Бүгінгі таңда Павлодарда 402 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрып жатыр. Қарияларға қамқорлық жыл бойы жалғасады. Алайда рухани азық беретін мұндай кештердің орны бөлек.

Еңлік ЖҰМАТАЕВА, қала тұрғыны:

Дариға Назарбаеваның алғашқы әндерін де жақсы білеміз, бірақ бүгінгі күні сыртқы пішіні, сыртқы өзінің тұлғасы қандай сондай сомдалып, өзі сондай интеллигент екенін көрсетсе, ішкі да жан дүниесі осы әнмен бірге халықты қуантып отыр.

Дариға Назарбаеваның орындауындағы әдемі әндермен қатар көрермен «Сазген сазы», асқан шебер музыкант Дмитрий Яблонскийдің, пианист Тимур Урманчиевтің, жеке орындаушы Медет Чотабаев пен Сүндет Байғожиннің өнеріне тәнті болды. Бірнеше жанрды топтастырған фестиваль павлодарлықтарға ұмытылмас әсер сыйлады.

Шахимардан ӘБІЛЕВ,  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

- Дариға Нұрсұлтанқызы – өзі бір дарынды адам. Бұл кісі бір Алматыда емес, Қазақстанда емес әр жерде, әр мемлекетте өзінің өнерін көрсетіп жатыр. Сондай мен бір таң қалатын әнші, маман ретінде сондай жұмыскер. Ән айту үшін, классиканы айту үшін, романсты айту үшін көп оған көп оқу керек, көп іздену керек. Соған уақыт табады.

Ертіс-Баян өңірін дүбірлі думанға бөлеген әсерлі кеш қас қағым сәтте өте шықты. Өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын киелі өлкенің халқы үшін «Көктем самалы» фестивалінің келесі маусымы да Павлодардан басталатыны тың жаңалық болды.

www.24.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа