Австрия сахнасында ұлттық аспаптарымыз әспеттелді

27 мамыр 2013

Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен домбырашылар ансамблі Австрияның ең көне өнер ордасында ұлттық өнерімізді үстем етті. 

Екі мыңға жуық еуропалық көрермен «Көзімнің қарасын» ұйып тыңдап, «Сарыарқа» әуенімен сайын даламызды бір саяхаттап қайтты. Қыран баптап, құмай тазы жүгірткен  қазақтың саятшылық салтына тәнті болды.

Бұл кеште Венаның жүз жылдық тарихы бар ең мәртебелі сахнасында қазақ әуені әуеледі. Үкілі домбыра, бүрмелі көйлек, сырғалы сәукеле - Еуропа көрерменін еріксіз тәнті етті. Қыз бен жігіт айтысы, домбырадан төгілген жыр Рихард Штраустың өнерімен сусындап келген елді ерекше бір күйге ендірді. Ал Абай шығармасы естілгенде веналықтар бірнеше минуттар бойы тоқтамастан қол соғып тұрды.

Қазақ домбырасынан күй ғана емес, еуропалық классиктердің әлемдік шығармалары шертілгенде көрерменнің таңданысында шек болмады.  

Екі ел арасындағы саяси және мәдени ынтымақтастық болар, австриялықтар мәдениетімізге арнап ғасырлық тарихы бар «Концертхаус» театрының төрін ұсынды.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Қазақстан мен Австрия 20 жыл бойына достық дипломатиялық қарым-қатынасты ұстанып келеді. Экономика, саясат және әлеуметтік салаларда жеткен жетістіктеріміз көп. Еуропа мен Азияның аралығында орналаса отырып, батыс пен шығысты, ислам мен хрестиан өркениетін байланыстырдық. Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстан Еуроодақтың Орталық Азиядағы сенімді әріптесіне айналды. Сондай-ақ тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері ішінде Австриямен байланысымыз берік.

Австрия астанасы Вена – тұрмыс сапасы ең жоғары қала. Ол ЮНЕСКО мұрасының тізіміне енген. Ұзақ жылдар Еуропаның мәдени, әрі саяси орталығы болып келді. Сондықтан, әлемдік сахнада мұндай әріптес қазақ елі үшін ауадай қажет.

Тереза ИНЖАЙН, Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық бойынша Австрия үкіметінің өкілі:

- 2012 жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Австрияға іс-сапары барысында екі мемлекет басшысы Австрияда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізуге келіскен болатын. Ал келесі жылы Қазақ жерінде Австрияның мәдени күндері өтеді. Әрине, бұл елдердің өзара саяси, мәдени және танымдық ынтымақтастығының бастамасы ғана.  

Қазақстанның мәдени күндерінен соң австриялықтар шыңдап саятшылық өнерді үйренетін болып шешті. Андреас Зейтместер құсбегілікті игермес бұрын 2 мәрте өлкеміздің тау-даласын шарлап шыққан. Енді әр демалыста Венаның қорғандарын тамашалауға келген жүздеген туристке осы өнерді көрсетіп жүр.  

Андреас ЗЕЙТМЕСТЕР,  аңшы:

- Құсбегілікті мен Қазақстанда ғана игере алдым. Сайын далада жүріп, құс салғанға не жетсін. Денсаулыққа да пайдалы.

ХІІІ ғасырда бой көтерген көне қорған ішінде қазақ батырларының елді, жерді қорғаған қару-жарақтары мен қалқан, найзалары қойылған.

Осылайша, австриялықтар қазақ өнерін танып білді. Салт-дәстүрінің байлығына көз жеткізді. Кейбірі, тіпті, елді өз көзімен көруге ниеттенді. Венадан кейін өнерпаздарымыз Вьетнам мен Қытайға аттанбақ. Ал әзірге, әлемдік мұнай экспортерларының штаб-пәтері мен БҰҰ-ның резиденциясы да осында орналасқанын ескерсек, Венамен ара-қатынасты нығайта түсу қазақ елі үшін келешекте үлкен рөл ойнамақ.

www.24.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа