Астанада тілді кеңінен насихаттап, халық санасын серпілтуді мақсат ететін Тілдер фестивалі басталды

2 қыркүйек 2013

Ана сүті арқылы бойға дарыған тіл ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Алайда ол байланыс құралы ғана емес, тарихымыздың ажырамас бөлігі, діліміздің тірегі, мәдениет пен әдебиеттің биік тұғыры. Астанада тілді кеңінен насихаттап, халық санасын серпілтуді мақсат ететін Тілдер фестивалі басталды. Аясы кеңіп, алар асуын айқындаған игі шара биыл XV рет ұйымдастырылуда, деп хабарлайды astana.kz.

«Дәстүрлі фестиваль, биыл Қазақстан бойынша 15 рет өткізілуде. Қоғамға қозғау салып, халықты ойландырып, мемлекеттік тілді насихаттауды мақсат етеміз. Биыл фестиваль аясында «Үздік жарнама», «Инновация күні», «Мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте» сынды алғаш рет байқаулар өткіземіз», - деп мәлімдеді Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов.

1972 жылы қазақ тілінде 2 миллион 550 мың сөз болған деген болжам бар. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілінің мәртебесі бекіп, мемлекетіміздің негізгі тіліне айналды.

Ақылбек Байзақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астана қаласы бойынша өкілі: «Кезінде Елбасы жөнінде Шерхан Мұртаза «Елбасы біреу болсын, халық оған тіреу болсын» деген болатын. Елбасы өз сөзінде «Қазақ қазақпен қазақша тілдессін» деп тапсырды. Ал, егер бүкіл халық қазақша сөйлесе, Елбасының алға қойған мақсат-мүддесі орындалады деген сөз».

Табыл Құлыяс, жазушы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері: «Ана тілін білу - ұлтын, мемлекетін білу, сүю, Отанын сақтау деген сөз. Кешегі Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы сияқты батырларымыз соғыстың өзінде қазақша сөйлесті. Сол отты жылдары журналистер мақала жазып, газет шығарды. Сондықтан қазақ тілін құрметтеу керек».

1992 жылғы халықаралық лингвистикалық энциклопедияның мәліметіне сүйенсек, әлемде 6300 тірі тіл бар делінген. Өкініштісі, олардың 30-ға жуығы жыл сайын жойылып кетеді екен. Сондықтан, «Тіл жоқ жерде, ұлт та жоқ», демекші, бүгінде әлем ұлтты сақтап қалу үшін алдымен тілдің құрып кетпеуіне алаңдаулы.

Адам Мекебаев, жазушы: «Тәуелсіздіктің бірнеше түрі болады. БҰҰ жасап отырған бүкіл әлемдік тәуелсіздік бар, одан кейін біздің Елбасымыз жасап жатқан саясатқа байланысты мемлекеттік тәуелсіздік бар. Енді ұлттық тәуелсіздік деген бар. Ұлттық тәуелсіздік тек мемлекеттік тілді алған кезде ғана болады. Ал, мемлекеттік тіл қай кезде алынып, ұлт еңсесін көтереді?! Бүкіл экономикалық жүйе, әсіресе банктер қазақша сөйлеп, қазақша іс-қағаздар жүргізген кезде ұлттық тәуелсіздік болады».

Ерғожа Тілепбердиев, Жазушылар Одағының мүшесі: «Жөргектегі балаларға бесік жырларын айту керек. Одан есейіп, мектепке барғанда рухты қазақтың әндерін үйретуіміз керек. Егер баласы қазақша білемін десе, әрбір ана баласымен «айналайын» деп бір ауыз қазақша сөйлесе, рухының оянуына сол жетеді».

Тіл, сөйлей білу адамға ғана берілген құдірет. Мұхтар Әуезовше айтсақ, «Абайдың барлық өлеңі - қырдағы қалың қазақтың осы күйге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі... Бұл - Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі». Олай болса, ана тілді өркендету жолында еңбек ету кім-кімге де абыройлы міндет. Тілдер фестивалінде осындай рухты әндер шырқалып, театрландырылған көріністер қойылды.

inform.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа