Астанада Қазақстандағы тұңғыш «Жерұйық» рок-операсының премьерасына дайындық қарқынды жүріп жатыр

16 қыркүйек 2013

«Жерұйық» рок-операсының әртістері 14-15 қыркүйекте өтетін премьералық көрсетілімге дайындалып жатыр. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Мәдениет басқармасынан хабарлады.

Орындаушылардың барлығы қойылымға дайындалып жатыр, көбі премьера күнін тағатсыз күтуде. Нұрлан Өнербаев Асан Қайғыны сомдайды, сонымен қатар мюзиклге Бауыржан Исаев, Светлана Васина, Бауыржан Нұрымбетов, Астана қаласы театрларының актерлері, «Терра» және «Наз» би ұжымдары қатысады.

«Біз қоюшы-режиссёр Юрий Александровты, қоюшы-суретші Вячеслав Окуневті шақырдық. Олар еліміздің тарихымен, салт-дәстүрімен таныс. Оның үстіне, бұл - күрделі жанр, бұл - рок-музыка, оны жақсы қою үшін хас шеберлер керек. Мюзиклде қазақтың «Дудар-ай» халық әнін қолдандым. Балет көп болады. Балетті қоюға Санкт-Петербордан балетмейстер шақырылды. Бұл көрерменнің көңілінен шықса, мен өзімді бақытты сезінемін», - деді «Жерұйық» рок-операсының авторы Төлеген Мұхамеджанов astana.kz сайтына берген сұхбатында.

«Жерұйық» рок-операсы жанға жайлы, жері нулы мекен іздеген Асан Қайғы туралы аңызға негізделген. Ол - желмаяға мініп, жер жаннатын іздеген абыз, жырау, ұлы философ, мемлекет қайраткері. Асан Қайғы түйелерге жүк артып, қазақ даласын түгел шарлап шыққан. Режиссердың желісі бойынша, қойылым соңында Асан Қайғы Сарыарқаның төрінен жанға жайлы жер табады. Бұл - ел болашағының, Қазақстан халқының жетістіктерінің символы, жаңашылдықтың айнасы болған Астана.

Еске салайық, рок-операның тұсаукесері 14-15 қыркүйекте Бейбітшілік және Келісім сарайында сағат 18.00-де өтеді.

inform.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа