«Ғасырлар сазы» бауырлас елдiң басын қосты

1 қазан 2015

Алматы қаласы әкімдігі және Мәдениет басқармасының қолдауымен, «Алматы әуендері» концерттік ұжымының ұйымдастыруымен «Ғасырлар сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдердің ІІ халықаралық дәстүрлі музыка фестиваль-байқауы өтті.

Қала күнін атап өту аясында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жүзеге асқан шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. 

Ұлттық мұраларымызды ұлықтауды мақсат еткен музыка фестивалі алғаш рет 2011 жылы қолға алынған болатын. Биылғы жы­лы ауқымын кеңейтіп, алыс-жақын мем­лекеттерден қонақтар шақырып, халық­ара­лық деңгейге көтеріліп отыр. Байқауға рес­пуб­ликамыздың барлық облыстары мен түр­кі тілдес елдердің этно-фольклорлық ан­самбльдері, дәстүрлі әнші-күйшілер, му­зыка зерттеушілері қатысты. Қазылар ал­қасы әлем сахналарында өнер көрсетіп жүр­ген көрнекті қайраткерлер мен танымал тұл­ғалардан және белгілі музыканттардан құ­рал­ған. Атап айтсақ, Ыстамбұл консер­ва­то­риясының профессоры Жихан Юртчи, Ре­сей Федерациясының еңбек сіңірген ар­тисі, Башқұртстанның халық артисі Рамил Гай­зуллин, Өзбекстанның халық артисі, ди­рижер Фарух Садықов, Қырғызстанның ха­лық артисі, Қырғыз ұлттық консервато­рия­сының ректоры, профессор Мұратбек Бегалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы-профессор Базархан Қос­басаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, «Құрмет» орденінің иегері Жа­мағат Темірғалиев, Қазақстанның еңбек сіңір­ген артисі, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этногра­фия­лық ансамблінің дирижері Жалғасбек Беген­ді­ков сияқты майталмандар.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің ди­ректоры Бағдат Тілегеновтің айтуынша, 2011 жылғы додаға 28 ансамбль қатысса, биыл олардың саны 41-ге жеткен. Кіл жүй­рік­тердің дабысын естіген шағын қалаларда құрылған кей ансамбльдер шығармашылық тұрғыда өсіп-жетілу үшін әріптестерінің деңгейін көріп кетуге өздері өтініш білдіріпті. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да жасақталған «Жетісай сазы» ансамблі. Же­текшісі – композитор, музыкатанушы Бөрі Иса.

Аднан Коч жетекшілік ететін түрік  ха­лық аспаптары ансамблі, Кахрамон Ба­заров же­тек­шілік ететін «Алер» өзбек фольклорлы-этног­рафиялық ансамблі, Рысбек Жұма­күнов жетекшілік ететін «Қам­бархан» қыр­­ғыз фольклорлы-этног­рафиялық ан­самблі және Алматы қаласындағы Қ.Қо­жа­мия­ров атындағы мемлекеттік ұйғыр му­зы­калық комедия театры жанындағы «Нава» фольк­лорлы-этнографиялық ансамбль­дері­нің де білек сыбанып келуі бәсекенің тар­тысты өтетінін ә дегеннен-ақ байқатты. 

– Қазақ хандығының 550 жылдығына орай­ластырылған өнер мерекесі үш күнге жос­парланып отыр. Бірінші күні фестиваль­дің ашылу салтанаты болса, екінші күні қатысушылардың концерттік бағдарлама­лары тыңдалады. Үшінші күн жүлдегерлерді марапаттау рәсімі және лауреаттардың гала-концертімен қорытындыланады. Байқау ережесі төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бө­лім­де – фольклорлы-этнографиялық ан­самб­льмен күй ойнау, екінші бөлімде – кез кел­ген көне халық аспабымен күй тарту, үшін­ші бөлімде – ансамбльдің сүйемелімен во­кальдық шығарма орындау. Ал төртінші бө­лім – еркін тақырып.

Лауреат атанған жеңімпаздарға арнайы дипломдардан бөлек, Ахмет Жұбанов, Болат Са­рыбаев атындағы және Алматы қаласы әкім­дігінің сыйлығы табыс етіледі. Жан-жақ­тан келген қонақтарымыз бен өнерпаз­дарға көтеріңкі көңіл  күй сыйлау үшін  фес­­тивальге қатысушыларды салтанатты түрде қызыл кілемше үстімен жүргізуді жөн деп таптық. Соңы фестивальдің ресми ашылуымен жалғасады, – деп атап өтті БАҚ өкілдерімен жүздесу барысында «Ғасырлар са­зы» фестиваль-конкурсының ұйым­дас­тырушысы Бағдат Тілегенов.

Бірінші күн

Фестиваль шымылдығы Жамбыл атын­да­ғы Қазақ мемлекеттік филармониясының концерт залында «Сазген сазы» фольклор­лық-этнографиялық ансамблінің орын­дауын­да Жалдыбайдың «Қара жорға» күйі­мен ашылды. Сондай-ақ «Арлан» театры жаужүрек бабаларымыз киген жауынгер киімдерін көрсетіп, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, актер Болат Әбділманов «Кенесары ханның аманатын» жеткізді. Кеш тізгінін қолына ұстаған Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі мен тележурналист, жүргізуші Майя Ве­ронская Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұ­рағаттар және құжаттама басқармасының бас­тығы Мамай Ахет мырзаны ортаға ша­қырып, құттықтау сөз берді.

– Біз ұзақ жылдар өзіміздің тарихымызға өзге­нің көзімен қарап келдік. Әрбір сөзімізді Қы­тайдың қолжазбасына, арабтың жолжаз­басы мен орыстың  жылнамасына сүйеніп сөйлеген халықпыз. Тәуелсіздіктің арқасын­да бодандығымыз ұмыт болып, бүгінгі таңда әлем жұртшылығына өз тілімізбен, өз мә­де­ние­тімізбен құнды екенімізді сезіне бас­та­дық.

Кенесарыны зерттегені үшін тарихшы-ға­лым Ермұхан Бекмаханұлы 25 жылға ай­да­лып кетті. Дәл осындай пьесаны жазып, сах­наға қойғаны үшін ұлы Мұхтар Әуезов түр­меге жабылды. Ал бүгін осындай алып­тарды емен-жарқын сахнаға алып шығып, тарихи мұраларымызға үңіліп, өз ән-күйі­мізді насихаттауға жол ашылды. Бұл – тағы да ұлы Тәуелсіздіктің жемісі.

Қазақ халқы жарты ғасыр бұрын Қазақ хан­дығының 500 жылдығын тойлаған жоқ. Айтулы датаны білмеді емес, білді. Бірақ етек-жеңімізді жинап, тек 550 жылдығы­мыз­ды атап өтуге шамамыз келіп отыр. Бұл – тағы да Тәуелсіздіктің тартуы. Сондықтан қо­лы­мыз­дағы барымызды бағалай білейік. Қазақ­тың егемендігін алып беріп, Тәуел­сіздігін жа­риялаған, ана тілін мемлекеттік тіл қата­ры­на қосқан Алматы қаласы бүгін бар­шаңыз­ды осындай өнер жәрмеңкесінде күту­ге дайын, – деді Мамай Ахет.

Бұдан кейін байқау үміткерлері мен қа­зы­лар алқасы таныстырылып, мәртебелі мей­мандарға гүл шоқтары ұсынылды. 

Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ар­тисі, Башқұртстанның халық артисі Рамил Гайзуллин сыбызғыда башқұрттың халық әуені «Ғылмияза» және қазақтың халық әні «Бүлдіргенді» орындаса, Ыстамбұл консер­ва­ториясының профессоры, кавалшы Жи­хан Юртчи Манарбек Ержановтың әні «Сайра бұлбұлды» құйқылжытты. Қазылар алқасының төрағасы Базархан Қосбасаров өз кезегінде қатысушыларға сәт-сапар тіледі.  

– Қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан са­ғынышы, көңілдің қылын шертер сезімі мен мұң-шері, қызық-қуанышы. Бізде 5 мың­нан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар екен. Бұл – қазақ әншілік және күйшілік өнерінің сан ғасырлық тарихының бар екендігінің бірден-бір айғағы. Домбырада, қобызда, сыбызғыда және тағы басқа халық аспап­та­рында орындалған күйлер кемел құрылы­мы­мен, күрделі ырғақ иірімдерімен ерекше­ле­ніп, талай ғасыр сүзгісінен өтіп, бүгінге жет­­ті.

Халқымыздың өнер саласындағы шоқ­тығы биік бір мақтанышы – ұлттық музы­ка­лық аспаптар. Өткен ғасырдың 60-жыл­дары­нан бастап, қазақ музыка аспаптарын зерттеу, ұмыт бола бастаған түрлерін қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұрын-соңды жас буын толық біле бермейтін, ал қай­сыбірінің аты еміс-еміс есте қалған ас­пап­тар қайта тіріліп, өнерден өзінің тұрақты ор­нын тапты. Түрлі ансамбльдер мен ор­кестр құрамы да қайта жаңғырды. Осы тұр­­ғыда қажырлы ғалым, өнегелі ұстаз, про­фессор Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың ең­бегінің зор екенін айтқымыз келеді. Жа­рық­тық, тірі болғанда ортамызда отырып, бү­гін­гі жастардың сыбызғыны, жетігенді, саз сыр­найды, шаңқобызды, шертерді, адыр­наны қалай меңгергенін көрер ме еді?! Осы аспаптардың өткен ғасырда ойнау мәде­ние­тінің жоғары болғанын, өзіндік дәстүрлі үн қалыптастырғанын айтып жүрміз. Мына біздер музыканың маңында жүрген кейбір адамдардан жоғарыда айтылған аспаптарды «бұлардың бәрі ескірген. Классиканы ой­науға келмейді, сондықтан эпизодтық түрде ғана пайдалану керек» деген сөзін естідік. Сөй­тіп жүргенде, халқымыздың талантты ұлы Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» ор­кест­рінде осы сазсырнайды, сыбызғыны, қыл­қобызды, ішекті қобызды, жетігенді, шер­терді, үрлемелі аспаптарды домбырамен, төрт ішекті қобызбен, баянмен жарыстырып, үндестігін таба білді. Оған айғақ – «Ма­хам­бет» поэмасы, «Ата толғауы», «Аңсау» сынды тағы басқа шығармалары. Сол ұжымның концертіне кіруге билет таба алмай қалған халықты көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Сол се­кілді, асыл мұраларымызды, ұлттық үні­мізді халқымыздың дарынды тұлғалары А.Жұбанов, М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов, К.Күмісбеков, М.Қойшыбаев сияқты ағала­ры­мыз қаймағын бұзбай, оркестрмен сай­рат­қаны құлағымызда тұр.

Фестивальдің мақсаты – ансамбльдердің жо­ғарыда айтқан асыл мұраларымызды бү­гінгі күні қай деңгейде, қалай іске асырып жүр? Қандай жетістіктеріміз бар, мүлт кетіп жат­қан тұсымыз қайсы? Осы кемшіліктерді бір-бірімізден көріп түзесек, үйренсек деген ниет. Көне аспаптардың ансамбль құрамын­да өзінің орнын кәсіби түрде таба біліп, ха­лық арасына мұра етіп қалдырсақ деген ой. Сөз соңында айтарым, бұл конкурс ха­лық аспаптары ансамбльдерінің тойы дер едім. Той тойға ұлассын, ағайын! Іске сәт! – деді Базархан Әбуұлы. 

Кеш барысында «Сазген сазы» фольк­лор­лы-этнографиялық ансамблі «Аспаптар шеруі» музыкалық композициясын, Қазақ­стан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері Тамара Асар халық әні «Жорғатайды», Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі Ба­қытбек Шөтенов қазақтың халық әні «Жа­риям-айдай» және қырғыздың халық әні «Тү­сімдені», «Эль Канто» тобы қазақтың ха­лық әні «Ауылың сенің іргеліні», Қазақ­стан­ның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов Нұр­ғиса Тілендиевтің әні «Алатауды», Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясының студенті Гүлнұр Көшенова Эдит Пиафтың репертуарындағы «Мен еш­теңеге өкінбеймін» әнін, республикалық, ха­лықаралық конкурстардың жүлдегері Эль­мира Қашқымбаева Садық Кәрімбаевтың әні «Жетісуды» сазсырнайда тыңдарман назарына ұсынды. Сонымен қатар Қазақ­стан­ның халық артисі Нұржамал Үсенбаева ха­лық әні «Алқоңырды», Манарбек Ержа­нов­тың «Қуанамын» әнін нәшіне келтіре шыр­қады. Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» күйін Нұркен Әшіров, Батыржан Мық­тыбаев, Бейбарыс Хамзин, Дәурен Раев, Жаңыл Бұхарова, Әйгерім Бекбердиева, Сымбат Әлімбетовалар тарту етті. 

Екінші күн

Байқаудың екінші күні қасиетті Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келді. Соған қа­ра­мастан, қазылар алқасы байқауға қатысу­шы ансамбльдердің дайындап келген шы­ғар­масын таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін сарапқа салды. Үміткерлердің жас ерек­шелігіне шектеу қойылмағандықтан, сын­ға түскендердің арасында мектеп оқу­шыларынан бастап, халық артистері, есімі елге белгілі еңбек сіңірген қайрат­кер­лер, құрылғанына көп уақыт бола қоймаған жас ансамбльдер бой көрсетті. Алайда, қазылар алқасы ешкімнің атақ-марапатына, жасы мен жолының үлкендігіне қарап жатпады. Ең әуелі орындаушылардың кәсіби ше­берлігіне, шығарманың мазмұны мен көр­кемдік деңгейіне, ұлттық нақышына мән берді. Өкінішке қарай, дайындықтары әл­сіздеу, байқау шарттарын жете түсінбеген ұжымдар да кездесіп жатты. Дегенмен, қазы­лар алқасының төрағасы Базархан Қосба­саров байқаудың өте тартысты түрде өткенін айтады. Қырық ансамбльдің ішінен 11 лауреат таңдау қиын соққан. Қуанарлығы, 2011 жылғы фестивальге қарағанда ан­самбль­дердің орындау мәнері, аспапты мең­геру деңгейі анағұрлым өскен. Музы­кант­тар­дың ширақтығы, сахнада өздерін емін-еркін ұстауы, халыққа тартымдылығы конкурс деңгейіне сай шыққан. Әсіресе, шет мемлекеттерден келген қазылар алқасының мүшелері қазақтың халық аспаптарының әуезіне қатты қызығып, таңданыстарын жасыра алмаған.  

Өзбекстанның халық артисі, дирижер Фарух Садықов:

– Мұндай ауқымды фестивальді саяси-эко­номикалық жағдайы тұрақты ел ғана өткізе алады. Сондықтан ең әуелі Пре­зи­дент­теріңіз Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігіне, Мәдениет басқармасына, шараның ұйымдастыру­шы­ларына мың рақмет! Фестивальдің атын «Ғасырлар сазы» деп қалай тауып қойған­сыздар?! Құлаққа да, жүрекке де сондай жағымды, керемет естіледі. Биыл екінші рет өткенімен, халықаралық деңгейде бірінші рет басымызды қосып отыр. Бірінші рет болса да, он-он бес жылдық тарихы бар му­зыка мерекелерінен бір мысқал кем емес. Бас қалаларыңыз Астана жарқырап, жайнай берсін! Алматы өзінің талайларды тоғыстыр­ған мәдениет ошағы, рухани орта деген мәртебесін сақтап қалыпты. Қазақ халқы – ән мен күйін саф қалпында қастерлеп келе жат­қан, қасиеті үзілмеген кемеңгер ел. Құр­манғазының «Балбырауынының» өзі неге тұрады?! Осы күйді естісем, қаным қызып, арқам қозады, – дейді ризашылығын үйіп-т­өгіп.

Лауреаттар анықталып, қазылар алқа­сының жұмысы аяқталған кезде Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жамағат Темірғалиевтің де пікірін сұраған едік.

– 2011 жылы өткен алғашқы фестивальде де қазылар алқасының мүшесі болдым. Бі­ріншімен салыстырғанда қатысушылардың дайындығы өте жоғары деуге болады. Өйт­кені кейінгі кезде фольклорлық ан­самбль­дерге өте қатты көңіл бөлініп жатыр. Алғаш егемендік алған жылдары екі-үш ансамбль болса, қазір шамамен алғанда 30-35 кәсіби ұжым бар. Халық аспаптары оркестрінен бөлек барлық облыстық филармонияда, концерттік ұйымдарда өнер көрсетіп жүр. Репертуарлары әртүрлі жанрдағы шығарма­ларды қамтиды. Халық күйлерін, халық композиторларының мұраларын, шетел композиторларының туындыларын емін-еркін меңгерген. Орындау шеберліктері өте жоғары. Түркиядан, Қырғызстаннан, Өзбек­станнан келген, өзіміздің ұйғыр театрының ансамблі де тәнті етті. Облыстағы, аудандағы ансамбльдердің ізденістері де мықты. Шет­елдіктерден асып кетпесе, кем түсіп тұрған жоқ. Қазылар алқасында отырған шетелдік атақ­ты дирижерлер, профессорлар бізбен бірге қатар отырып тыңдады. Олардың өз­дері ауыздарын ашып, көздерін жұмып, «ке­ремет екен» деп бас шайқады. Әсіресе, үш-төрт адамнан құралған ансамбльдер қайран қалдырды. Әрқайсысы жеке-жеке бір­неше аспапта ойнайды. Бір музыкант қобызды ғана емес, шаңқобыз, үскірік сияқты тағы бірнеше фольклорлық аспапты қоса тамылжытып отыр. Ұрмалы аспап­тар­дың түр-түрін меңгеріп алған. Қонақ түгілі, өзіміз риза болдық. Болат Сарыбаев зерттеп, қа­тарға қосып кеткен көне аспаптардың да­мып, жетілгеніне тәубе дедік. Әсіресе, Аста­надан, Солтүстік Қазақстаннан келген ұжым­дар сақадай-сай дайындалып келіпті. Әри­не, сайыс болғаннан кейін, бірі озды, бі­рі қалды. Қырық ансамбльдің барлығын бірдей лауреат атандыра алмадық. Кішкене кәсіби деңгейлері жетіңкіремей, оған өздері риза болмай, өкпелеп кеткендері де бар. Де­генмен, әлемге белгілі, тәжірибелі  музы­кант­тар әділ шешім шығарды деп есептеймін. Ұйымдастырушылар Бағдат Тілегенов, Ықылас Нұрғалиев, Мұрат Жалбыровтар күні-түні жүгіріп, жұмыс істеді. 500-ден аса адамды күтіп алып, орналастырып, сахнаға шығып-түсуіне дейін ойластыру оңай дүние емес. Үлкен еңбекті, асқан жинақылықты қа­жет етеді. Алдағы уақытта да осы фести­валь дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жылда болмаса да екі-үш жылда бір қайталанып тұрса деген ойдамын. Бұл біздің фольк­лор­лық ансамбльдердің дәрежесін жоғарылатуға үлкен әсер етер еді. 

Үшінші күн

Сонымен, үш күнге созылған фольк­лор­лық аспаптар шеруі өз мәресіне жетті. Фес­тивальдің гала-концерті мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Түркештің күйі «Көңіла­шар­мен» ашылды. Орындаған – лауреат атан­ған ұжымдардан жинақталған оркестр. Ди­рижері – Жамағат Темірғалиев.

Мерейі үстем болған түрік халық аспап­тары ансамблі Құрманғазының күйі «Адай­ды» лауреат атанған ұжымдармен бірге орын­дап, көпшіліктің ыстық ықыласына бө­ленді. Сондай-ақ Өзбекстанның халық ар­тисі Фарук Садықовтың дирижерлігімен «Бал­бырауын», Жалғасбек Бегендіковтің ди­рижерлігімен «Сарыарқа» күйін де лау­реат­тар шалқытты.

Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі, Башқұртстанның халық артисі Рамил Гай­зуллинмен тілдескенімізде, ол фести­валь­ден олжалы қайтып бара жатқанын ор­та­ға салды.

– Осы басқосуға шақырған Бағдат Тіле­генов досыма үлкен алғыс айтамын. Біз бір-бірімізді 1992 жылдан танимыз. Жарты Еуропаны бірге араладық. Мен – қурайда, ол қобызда ойнады. Талай концерттерде сах­наға бірге шықтық. Фестивальге ша­қырған ұсынысын қуана қабыл алдым. Алматыға бірінші рет келіп отырған жоқпын. Бі­рақ тағы да көзімнің жеткені, Қазақстанды қат­ты жақсы көреді екенмін. Қазақ халқын, ұлттық музыкасын, әні мен күйін, ансамбль­дерін, түрлі көне аспаптарын, қонақжай­лы­ғын ерекше қадірлеймін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа, қала әкімі Бауыр­жан Байбекке ыстық ықыласымды, зор құр­метімді жеткізгім келеді. Музыка мере­ке­сінен алған әсерім ұшан-теңіз. Ең бас­тысы, «Сарыарқа», «Балбырауын», «Сары­жайлау», «Адай», «Көңілашар» сияқты күй­лердің партитураларын өзіммен бірге алып кетіп барамын. Барған соң ұлт аспап­тары оркестріне түсіріп, ойнататын бола­мын, – дейді ол. Сондай-ақ Қырғызстанның халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Саламат Садықова:
– Күй тартылып, ән шырқалып жатқан жер – елдің құтын, халықтың қасиетін ша­қы­рады. Үш күннен бері бір-бірімізді сырт­тан бақылап, әріптестеріміздің өнер­лерін та­машалап жатырмыз. «Балбырауын», «Са­ры жайлау» сияқты қазақтың керемет клас­сикалық күйлері рух сыйлады. Осындай бас­қосулар жиі болып тұрғанын қалаймыз. Жас­тар көбірек келіпті, сол қуантты. Оларға фестивальдің берері  – өз шама-шарқын 
сү­з­гіден өткізеді. Қазір жер-жаһанда түрлі қақ­тығыстар, соқтығыстар орын алып жат­қа­нын көріп, біліп отырмыз. Өзгелерге қа­рап, осы күнімізге тәубе айтып, шүкіршілік ай­тып жүрген уақыт. Сондықтан елдің се­зімін бір ғана музыка оятады, бірлікке-ын­тымаққа шақырады. Халықаралық фес­ти­вальдер көбірек ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр. Жалпы, көңіліміз толып, қимастық се­зіммен қайтып барамыз, – дейді.

23-25 қыркүйек Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы. Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған Фольклорлы-Этнографиялық ансамбльдердің II Халықаралық «Ғасырлар сазы» дәстүрлі музыка фестиваль-байқауы.

23 қыркүйек, сағат 19:00- де
Фестиваль-байқаудың ашылу салтанаты

24 қыркүйек, сағат 9:00- ден
Фестиваль-байқау

25 қыркүйек, сағат 19:00- де
Марапаттау рәсімі және Гала-концерт (Источник: Управление культуры города Алматы)

aikyn.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа