Жұбанов мектебіне – жарты ғасыр

28 сәуір 2014

А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арнал­ған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты­ның ашылғанына – 50 жыл. Мемлекеттік мекеме бұл қуанышын күз айында атап өтуді жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда салтанатты шараға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Мерейтой қарсаңында өнерлі өрен­дер­ді алғашқылардың бірі болып «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі арнайы құттықтап келді. – «Сазген сазы» – 1980 жылы белгілі этнограф ғалым, тарихшы және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен Ықы­лас Дүкенұлы атындағы республикалық қазақ халық ас­паптары мұражайының жанынан құрылған болатын. Қазақтың көне музыкалық аспаптарын насихат­таумен қатар, ескі ән-күйлерін жаңа­ша өңдеуде жұртшылыққа жет­кізіп жүрген ансамбльдің ме­рей­лі мерекеге ерекше ортақтаса­тын жөні бар. Өйткені бүгінгі таңда ұжымда жемісті еңбек етіп келе жатқан музыканттардың жар­тысынан астамы осы білім ошағы­ның түлегі. 

Сонымен, айтулы кеш кіріс­песі Жалдыбайдың «Қара жорға» күйімен ашылды. Ансамбльдің му­зыкалық жетекшісі Мәдениет қай­раткері Марат Жалбыров. Одан кейін Ықыластың «Аққу аңызы» күйін профессор Базархан Қосбасаровтың шәкірті, халық­ара­лық және республикалық бай­қаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория­ның ұстазы, қылқобызшы Ай­герім Қарсақбаева тарту етті. Концерт барысында Ахмет Жұбановтың шығармалары да қамтылып, «Ақ көгершін», «Қарлығаш» әнін мектептің балалар хоры шырқады. Хордың жетекшісі және дирижеры Елнұр Дүйсебаев екеніне тоқтала кетейік. Сондай-ақ «Ария» шы­ғармасын осыдан біраз жыл бұрын өмірден озған Гүлжан Бегендікова­ның шәкірті Салтанат Қалықова, халық әуені «Алқоңырды» мектеп­ті домбыра мамандығы бойынша Мария Ұлмақанованың сыныбы­нан бітірген, ал сазсырнайды фоль­клортанушы, ғылым канди­даты Талғат Мұқышевтан меңгер­ген халықаралық «Мәңгілік сарын» фестивалінің «Темірқанат» сыйлығының иегері Эльмира Қаш­­қынбаева жиналғандар на­зары­на ұсынды. Халық күйі «Ел толғауын» ансамбльдің сүйемел­деуімен мектептің ұрмалы аспап­та­рынан дәріс беретін ұстаз Кү­зембай Бектаевтың шәкірті Ернат Жұмашев күмбірлетті. Бұдан бө­лек Қуаныш Жұмағалидың «Эле­гиясын» Білім беру ісінің үздігі Төрехан Кәрібаевтың шәкірті, Құр­манғазы атындағы респуб­ликалық байқаудың лауреаты Гүл­наз Ноғайбаева, Н.Тілен­диевтің «Жекпе-жек» күйін Білім беру ісінің үздігі Мақсұтхан Тәшимов­тың шәкірті Гүлмира Тайсариева, Н.Паганинидің «Каприс №24» шы­­­ғармасын Ы.Алтынсарин атын­­дағы медальдің иегері Ләззат Шөженованың шәкірті, халық­аралық және республикалық бай­қаулардың лауреаты Айгерім Қо­жабаева, «Гауһартас» әнін ан­сам­бльдің сүйемелдеуімен сыр­найда доцент Зәуре Смақованың шәкірті, халықаралық байқаулар­дың лауреаты Ғалымжан Нарым­бетов орындады. 

– «Сазген сазы» – ұрпақ сабақ­тастығын жалғастыру және «үл­кенге – құрмет, кішіге – ізет» көр­сету мақсатында еліміздегі бір­қа­тар оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Соның ішінде академик Ахмет Жұбанов атын­дағы дарынды балаларға арналған мектеппен «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» жатыр деп мақ­тана айтуымызға болады. Өйткені ансамбльдегі 20 адамның 12-сі осы мекемеде тәлім алған. Біз ғана емес, қазіргі таңда елімізде өнер көрсетіп жүрген кәсіби ұжымдар­дың 60-80 пайызы мектеп түлек­терінен құралған. Сондықтан та­лай танымал тұлғаға дәріс берген, олардан кейінгі буынды тәрбиелеп жатқан ұстаздарға тарту жасайық деп шештік. Білікті мамандарды алғыс хатпен марапаттап, қал-қа­дірімізше жөн-жоралғысын жаса­дық. А.Жұбановтың қылқобызға арнап жазған шығармасы «Ария­ны» біз жаңаша өңдеп, нотаға түсіргенбіз. Сол партитураны балаларға сыйға тарттық, – дейді «Сазген сазы» фольклорлы-этно­графиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегенов. 

Естеріңізге сала кетсек, да­рын­­­ды балаларға арналған қара­шаңырақ 1964 жылдың қараша айында ашылды. Қазақ тілінде кәсіби жоғары деңгейлі музыка­лық білім беретін мектеп-интер­наттың бой көтеруіне Қазақ­станның халық артисі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов мұрындық болды. Оқу үрдісінің негізін салған кейінгі басшылар Түркістан Өзбеков, Пернебек Мо­мынов, директордың орынбасар­лары Валерия Ивановна Мавриди, Самархан Егізбаев, Арнольд Вин­терголлер, Ғазиз Лұқпанов сынды ұстаздар болды. Мәдениет ми­нистрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арыстанбек Мұхамедиұлы, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның ди­ректоры Мұхтар Өтеуов, Б.Бай­қадамов атындағы хор капел­ла­сының көркемдік жетекшісі және дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Де­меу, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бейбіт Дәлденбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын За­бирова, Жанат Бақтаева, Ерхат Нұрғалиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Пер­небек Шегебаев, Ресейдің «Новая Россия» оркестінің кон­церт­мейс­тері Ерік Шалабаев, Маржан Оразбаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясы­ның доценті, прорек­торы, ғылым докторы Ақтоты Рай­ымқұлова, Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің директоры Бибігүл Нүсіпжанова, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіровтер мектеп ұжы­мы­ның ғана емес, еліміздің мақ­танышы. 

Мектеп 2006 жылы Алматы қалалық Білім басқармасының қарамағына өтіп, 2010 жылы 6 қыркүйекте Үкімет қаулысымен Республикалық мәртебесін қай­тарып алды. Алматы қаласы әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімовтің қолдауымен, қазақ өнерінің жана­шыры, меценат Болат Әбішұлы Назарбаевтың демеушілігімен 2009 жылдың 30 қазанында акаде­мик А.Жұбановтың мектеп аула­сында бюсті қойылды. Мектеп директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі­нің бастамасымен ашылған ес­керт­кіш мектеп тарихындағы ай­тулы оқиғалардың бірі болды. 

Қазіргі таңда мұнда «Халық аспаптары», «Скрипка, альт», «Вио­лончель, контрабас», «Үрмелі және ұрмалы аспаптар», «Арнайы фортепьяно», «Хорды дирижер­лау», «Жалпы фортепьяно», «Тео­рия», «Концертмейстерлер», «Жалпы пәндер» бөлімдері жұмыс жасайды. Мыңға тарта бала елі­міздегі және шетелдердегі таң­даулы музыкалық жоғары оқу орындарында білімдерін ұштап келеді. Соңғы үш жылда педагог­тардың қажырлы еңбектерінің арқасында 400-ден астам оқушы республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары мен дипломанттары атанды. Жыл сайын бітіруші түлектер П.И.Чай­ковский атындағы Мәскеу мем­лекеттік консерваториясы, ағайын­ды Гнесиндер атындағы Ресей өнер академиясы, Ресей әскери академиясы сынды Ресей­дің алдыңғы қатарлы оқу орын­дарына, сонымен қатар еліміздегі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясы, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетіне оқуға түсіп, білімдерін жетілдіріп жатыр. 

Білім ошағының қабырғасын­дағы 463 оқушы игілігіне жаңа талапқа сай жабдықталған мате­риал­дық-техникалық база жетіл­дірілген, компьютерлік сыныптар жұмыс жасайды. Химия кабинеті жаңа үлгімен безендірілген. Ағыл­шын тілі және теория кабинеттері толықтай компьютерлік жүйеге көшті. Оқушылар жалпы пәндер мен музыкалық теория пәндерінде интербелсенді тақта орнатылған. Онлайн жүйесінде елімізде және шетелдерде өткізілетін түрлі ша­ра­ларға қатысады. Гармония, соль­феджио, музыка әдебиеті са­бақтары инновациялық компью­терлік технологиямен оқытылады. 

Мектептің интернаты да заман талабына сай жабдықталған. Кең әрі таза, жылы бөлмелер бала­лар­дың жақсы демалуына мүмкіндік береді. Бөлме жиһаздары жаңар­тылған. Оқушылар бес мезгіл құ­нар­лы тамақтармен тамақтанады. Дәрігерлік бөлмелер, кітапхана­лар, тынығу бөлмелерімен қам­тылған. Оқушылардың білім алуы мен кәсіби шеберлігін ұштастыру мақсатында, сондай-ақ олардың орындаушылық және сахна ше­берліктерін арттыру үшін шығар­машылық ұжымдар жасақталған. Олар: симфониялық оркестр, халық аспаптары оркестрі, үрмелі және ұрмалы аспаптар оркестрі, эстрадалық-симфониялық ор­кестр, «Giovani talenti» камералық оркестрі, арнайы хор, «Ақ тілек» ұлдар хоры, «Ақжелең» этно-фольклорлық ансамблі, «Қоңыр­жай» қылқобызшылар ансамблі, «Қарлығаш» кіші қобызшылар, қобызшылар, домбырашылар, ск­рипкашылар, виолончель ансам­блі. Осындай ұжымдардың арқа­сында мектеп оқушылары өз қа­білеттерін кәсіби музыкант ретінде шыңдайды. Барлық бөлім­дерде Білім беру ісінің құрметті қызметкерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Ха­лықаралық және Респуб­ликалық байқаулардың лауреаттары, Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профес­сор­лары, доценттері, Халық артис­тері, елімізге танымал музыкант-ұстаздар қызмет етеді. Атап айтар болсақ, профессорлар Т.Тікішев, Г.Қадырбекова, доценттер З.Сма­қова, Т.Мұқышев, Құрманғазы атын­дағы консерватория оқыту­шы­лары М.Бисенғалиев, А.Жұл­мұхамедова, Р.Тәкежанова, Б.Кә­рі­баев, Б.Айғалқаева, Н.Ай­ғал­қаев, А.Мұхитова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Е.Мұста­фаев, Ы.Нұрғалиев, Н.Әшіров, ди­рижер М.Әмзе, ұстаздар Е.Ка­б­дуллин, Д.Байжұманов, С.Ақ­мол­да және басқалар. 

Мектеп-интернат өзінің 50 жылдық мерейтойын өз қабыр­ғасынан түлеп ұшқан, қазір Қазақ­станның ғана емес, дүниежүзі өнерінің дамуына үлес қосып жүр­ген дарынды түлектерінің осындай жетістіктерімен қарсы алып отыр.

aikyn.kz


Біздің әуен

Қонақтар кітәбы

      Кіру

Біздің бейнетаспа